Ақтөбелік бойжеткен өзін полиция майоры ұрып-соғып, мазақ еткенін айтты

0

Ақтөбе тұрғыны Алиева Карина Instagram желісіне көгерген денесінің суреттерін жариялады. Бойжеткен өзін полиция майоры ұрып-соқты деп айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Каринаның айтуынша, өзін ұрған полицей есірткімен күрес басқармасының басшысы. 

«Бұл жайлы жазу керек пе деп ұзақ ойландым. Оны дәлелдеу мүмкін бе?», — деп жазды бойжеткен парақшасында

Келесі жазбасында өз оқиғасын баяндады. Бұл уақытта прокуратураға арыз жазып үлгерген.

«Мен ешбір жазбамды өшірмеймін. Мен мықтымын. Үндемей қалмаймын», — деп ашынды бойжеткен. Айтуынша, полицеймен біраз уақыт кездесіп жүріп, кейін кездеспейтінін ашып айтқан.

«Біз жарты жылдай кездесіп жүрдік. Кейін оның әйелі хабарласып мазалай берген соң полицейге кездеспейтінімді айттым. Бір апта сөйлеспей жүрдік. Бір күні  маған келіп тұр. Шықпасаң бүкіл үйіңді оятам деді. Оның көлігіне отырдым. Ол мені мазақ ете бастады. Мені ұрып-соғып, видеоға түсірді. Көзіме тура қара деп қинады. Бетімнен, басымнан ұрды. Құлаған уақытта, қабырғамнан тепті. Шашымнан тартып тұрғызды. Әлдене айтқанымда одан әрі ұра бастады. Мен оның қолындағы телефонда жұлып алып, жалаңаяқ қаштым. Таңғы уақытта тұрақ жанында бірнеше жігіт мені көріп, үйге әкеп тастады. Үйден шыға алмай қалдым. Ол мені үйге келіп аңдыды. Достары келіп басу айтқанымен көнбеді. Өзім мен жақындарым үшін қорықтым. Полицияға, прокуратураға арыз жаздым. Осыдан соң келмей кетті. Сот-медициналық сараптамадан өттім. Енді нәтижесі шығу керек. Істің бақылауда екенін айтты», — дейді Карина. 

Бұған қатысты Ақтөбе қалалық полиция департаментіне сұрау салып көрдік. 

«Дәл қазір полиция майоры Карина Әлиеваны ұрған-ұрмағаны белгісіз. Бұған қатысты бір нәрсені кесіп айта алмаймын. Дәл қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасында тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол тексеріс, қылмыстық іс біткен соң ғана нақты ақпарат береміз. Сондай-ақ, қылмыстық істің нақты қандай баптар бойынша қозғалғаны әзірге жасырын», — деді Ақтөбе қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов Stan.kz тілшісіне. 



stan.kz