Ақтөбелік асабалар мен мейрамхана қызметкерлері бас көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбенің мейрамхана қызметкерлері мен асабалар, фотографтар облыс әкімдігінің алдына барып, тойханалардың ашылуын талап етті. Айтуларынша, билік ең болмаса алдағы үш ай маусымда 150 адамға дейінгі тойларды жасауға мүмкіндік берсін дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

митинг

Үш ай карантинде жатып мүлдем табыссыз қалдық деген ақтөбелік фотографтар, асабалар мен мейрамхана қызметкерлері бас көтерді. Олар бір мезетте жүз емес мыңдаған адам жиналатын сауда орындары мен базарларды ашқан жергілікті биліктен енді мейрамханалардың жұмысына рұқсат беруді сұрайды. 

«Өнер адамдарының бар табыс көзі — той-томалақ. Салыстыратын болсақ, қазіргі таңда үлкен сауда орындарында мыңдаған адамдар жиналады. Ал енді неге 200-300 адамдық мейрамханаларды ашуға рұқсат бермейді. Біздің осында жиналуымыздың себебі де осы», — дейді асаба Нұрлан Қарағозин.

«Қанша адам жұмыссыз қалып отыр. Несиеміз тағы бар. Ертең үкімет біздің несиемізді төлеп бермейді ғой. Балаларымызға тамақ тауып беруіміз керек. Мейрамханалардың арқасында жаң бағып отырмыз», — деді қала тұрғыны Кәмшат Аманғалиева.

Жиналғандардың сыртынан полицей қызметкерлері бақылап тұрыпты. Әкімдіктің ішінен шыққан жауаптылар елдегі коронавирус ахуалын ескеріп, наразы топты ғимартың ішіне кіруді өтінді. Алайда оға ешкім келіспеген көрінеді. Санитар мамандар наразы тұрғындардың талабын орындау мүмкін емес екенін жеткізді, себебі облыста ауру өсімі әлі азаймай тұр. 

«Егер індеттің таралу деңгейі 5%-дан төмендесе, онда отыз орындық дәмханалардың ашылуына рұқсат беріледі. Ақтөбе облысында ауру өсімі — 7,8%. Алайда біз оған қарамай, тіпті, 50 орындық жерлердің жұмысына рұқсат бердік», — деді Ақтөбе облысы көрсетілетін қызметтер және тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Осылайша өз талаптарын қойып жиналғандар мен әкімдіктегілер бір мәмілеге келе алмады. Тазалық органдарының мамандары қалада барлық қоғамдық тамақтану орындарында 50-ден артық адам жиналмауын ескертті. Ал асабалар мен мейрамхана қызметкерлері енді көмекті үкіметтен сұрап, талаптарын елордаға жолдамақшы. 

stan.kz