Ақтөбедегі Қытай компаниясы «млн теңге жалақы түбіртегіне» қатысты жауап берді

0

Ақтөбе облысындағы «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясының мұнай кеніштерін бұрғылаушы қытайлық инженерлер «ай сайын 1-2 млн теңге жалақы алады» деген түбіртек желіге тарап, жергілікті жұмысшылар арасында талқы тудырған. Қазақстандық жұмысшылар өздерінің «1-2 миллион теңгеден әлдеқайда аз ақша алатынына» шағымданған.

«Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясының жергілікті бұрғылаушысының Азаттық тілшісіне WhatsApp мессенжерімен жолдаған түбіртекте Ли Мэн және Ши Вэньюй есімді азаматтардың есімі жазылған. Түбіртекте инженер Ши Вэньюйдің 2020 жылы қаңтар айы үшін 2 млн 180 мың 850 теңге, Ли Мэннің 1 млн 787 мың 687 теңге жалақы алғаны көрсетілген.

Азаттыққа түбіртекті жолдаған жергілікті жұмысшы бұл жайтты қазақстандық жұмысшылар өз орталарында талқылап, желіде таратып наразы болғанын жеткізді. Айтуынша, жергілікті мамандар жұмыссыз қалудан қорқып, наразылықтарын сыртқа шығармаған.

Кейін осы жайттан кейін «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясының басшылығы Ақтөбе облысы әкімдігіне түсініктеме берген.

Әкімдіктің мәліметінше, «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясы шетелдік және қазақстандық мамандардың жалақысында ешқандай айырмашылық жоқ екенін айтқан.

Компанияның бас директоры Чжан Баоцзюньға сілтеме жасаған облыс әкімдігі «шетелдік жұмысшылардың жергілікті банктерде есепшоты жоқ, өздері жатақханада тұрады. Сондықтан қауіпсіздікті ойлап, еңбекақыларын компанияның есеп бөлімінде сақтауды жөн көрген. Яғни, желіге тарап кеткен түбіртектегі сома бір айдың емес, бірнеше айдың жалақысы» деген хабарлама таратты.

Әкімдіктің хабарлауынша, «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясындағы қытайлық инженерлер де қазақстандық әріптестері сияқты айына 190-200 мың теңге жалақы алады.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Азаттыққа жағдай бақылауда екен. егер қажет болса, компанияға тексеру жібере алатындарын айтты.

Азаттық тілшісі «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюньмен байланыса алмады. Чжан Баоцзюнь әкімдікке берген жауабында компанияда Ли Мэн және Ши Вэньюй есімді инженерлердің еңбек ететінін жоққа шығармаған.

Жалақыға қатысты дау «Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясында осыған дейін де туындаған болатын. Былтыр 11 қазан күні қазақстандық жұмысшылар жалақы көбейтуді талап етіп, Жаңажол, Кеңқияқ пен Северная Трува кеніштеріндегі жұмысты тоқтатып тастаған. Наразылық акциясынан кейін қазақстандық жұмысшылардың еңбекақылары қызметтеріне қарай 25-50 пайызға көбейген.

«Восток нефть и сервисное обслуживание» компаниясының 100 пайыз акциясы Қытайдың Xibu (Сибу) корпорациясына тиесілі. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының тапсырысымен Ақтөбе облысындағы бірнеше кеніште мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады. Компаниядағы 1200 адамның он пайызы – шетелдік маман.

Қазақстанда жергілікті жұмысшылар шетелден келген әріптестерінен әлдеқайда аз жалақы алатынын айтып, ара-тұра шағымданады. Мұндай шағымдардың соңы кейде жергілікті және шетелдіктер жұмысшылар арасындағы жанжалға да ұласады. Былтыр маусымның соңында Атырау облысы Теңіз кентінде жергілікті жұмысшылар мен Ливан және Иорданиядан келген жұмысшылар төбелесіп қалған. Билік басында мұны “тұрмыстық жанжал” деген. Кейін Атырау облысы әкімдігі Теңіз кенішінде «жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан” деп хабарлаған. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігі шетелдік компанияларға шетелдік және жергілікті жұмысшыларға бірдей жағдай жасауды тапсырған.

Azattyq