Ақтөбедегі мектепте төбе құлап, 9 бала ауруханаға жеткізілді
Фото: © Әсел Абат, BAQ.KZ
Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектепте төбе опырылып, 9 бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккен балаларды травматолог және нейрохирург дәрігерлер қараған. Төтенше жағдайға орай Ақтөбе қаласы әкімдігі жанынан шұғыл комиссия құрылды.
Төтенше жағдай Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектепте түстен кейін орын алды. Мерекелік концертке дайындалуға жиналған оқушылар киімдерін ауыстырып жатқанда үстеріне бөлменің төбесі опырылған. 9 бала жедел жәрдем көлігімен Ақтөбе облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккен жеткіншектің төртеуін аурухананың травмотолог-дәрігері Әділбек Омаров тексерген. Оның сөзінше, балалардың жағдайлары қалыпты. Иық буындарын, аяқтарын ауыртып алған төртеуі ата-аналарымен бірге үйлеріне қайтарылды. Оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Төбеде тесік болды. Сынып кеткен соң барлығы бірдей құлады. Жарық шам үстімізге түсті. Бек деген бала астында қалды. Иығымды ауыртып алдым. Кейбір балалардың бастарына тиді. Дәрігер қарады жаңа»,-деді №40 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айымбек Құлатаев.
«Түскі сағат 2-ге таман хабар келді. Балаңызды ауруханаға алып кетті деген. Шұғыл жеттім. Өзім жуырда ота жасатып, ауруханадан шыққан едім. Баламның иығы ісіп тұр. Дәрігерлер 2 апта бойы дене шынықтыру сабағына қатыспасын деді. Демек, қауіптің болғаны ғой. Мектеп басшылары жауапкершілікті сезінеді ме екен өздері?!»,-дейді ата-ана Алмагүл Абатова.
Ал, қалған бес баланы нейрохирург-дәрігері бақылауына алған. Оқушылардың өмірлеріне қауіп жоқ.
«9 бала бізге жеткізілді. Үстеріне төбеден белгісіз зат құлаған. Бесеуін мен қарап, тексеруді жалғастырып жатырмыз. Бас-ми жарақатын анықтау үшін рентгенографияға жібердік. Жалпы балалардың жағдайлары қалыпты, тек соққы алған жерлеріне ауырсынып тұр. Өмірлеріне қауіпті көрсеткіштер жоқ. Ауруханаға жатқызу, жатқызбау мәселесі толық медициналық тексерістен кейін анықталады»,-деді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының нерохирург-дәрігер Самат Қоқышбаева.
Оқиға болған №40 орта мектептің директоры да, оның орынбасарлары да түстен кейін орындарында болмады. Ал, төбесі құлаған ер балалардың киім ауыстыратын бөлмесі. Бөлменің төбесі түгел опырылып түскен. Абырой болғанда құлаған материал қатты емес. Гипсті картоннан жасалған. Төтенше жағдайға орай Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ибраим Көздібаев шұғыл комиссия құрды. Комиссия құрамында 10 адамы бар.
«Төбесі құлаған бөлменің көлемі 12 шаршы метрді құрайды. Төбенің материалы құлаған. 2009 жылы салынған мектеп екен. Шұғыл комиссия құрылып, қазір жұмыс жасап жатырмыз. Мектеп басшылары, зардап шеккен балалармен кездесіп, сөйлесеміз,. Зерттеу жұмыстары аяқталысымен қорытындыны жариялаймыз»,-деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әскери жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.
Білім мекемесі 9 жыл бұрын пайдалануға берілген. Қазір құрылысын жүргізген мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бекболат Нұрышев зерттеу жұмыстарының ертеңге дейін аяқталатынын нақтылады. Ал, төтенше жағдай орын алған мектепте Зауыт полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмыс жасап жатыр.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ