Ақтөбедегі автобус өрті. Көлік иесі Өзбекстанда қолға түсті
Астана, BAQ.KZ. Биыл қаңтарда Ақтөбе облысында өртеніп, 52 адам ажал құшқан автобустың иесі – Қазақстан азаматы Өзбекстанда ұсталған. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Қаңтардың 18-і күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы аумағында жолаушылар автобусында өрт шығып, салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы мерт болған еді. Өрттен зардап шеккен бес адам тірі қалған. Тергеушілер болжамы бойынша, өрттің шығуына жүргізушілердің қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп болған.
«Бұл автобустың иесі — 46 жастағы Қазақстан азаматы О.М. қазақстандық құқық органдарына келмей, тергеуден із жасырған. Қазақстанда оған Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» туралы 348-бабының 4-тармағында қарастырылған қылмыс жасаған деген айып тағылған» деп хабарлаған Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы Podrobno.uz сайтына.
Халықаралық іздеу жарияланған О.М. бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында қарашаның 20-сы күні Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталып, оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілгенше қамауға алынған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ