Ақтөбеде жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруды талап етті

0

18 қаңтарда Ақтөбеде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы маңындағы автотұраққа ондаған жүргізуші жиналып, шетелдік нөмірі бар көліктерді заңдастыруды талап етті.

Әнуар Жаңбыров есімді жүргізуші осындай мәселесі бар жүргізушілердің бірігіп, заңды зерттегенін, үкіметке екі ұсыныс жеткізгісі келетінін айтты.

— Біз шын мәнінде үкімет айналысуы тиіс нәрсемен айналысып отырмыз. Енді зерттеуімізге келсек, «Жол ережелері туралы» ұлттық заң 2014 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) қол қойылған Еуразия экономикалық одағының келісіміне қарама-қайшы. Билік яғни, ішкі істер министрлігі осы заңға сүйеніп отыр. Одаққа мүше бес мемлекет қол қойған келісімнің ұлттық заңнан жоғары тұратын заңнамалық күші бар. Бұл Қазақстан Конституциясында да жазылған. Жол ережесі туралы заң одаққа мүше елдер қол қойған келісімнен кейін бірнеше айдан кейін шыққан. Сол себепті біз көліктерімізді заңдастыруды сұрап отырмыз. Бір бірінші ұсыныс. Немесе үкімет қаулы шығарып, онда ЕАЭО-ға мүше елдерде тіркелген көліктерге ие Қазақстан азаматтары оларды тозғанға дейін пайдалана алады деп жазылуы тиіс, — деді Әнуар Жаңбыров.

Ол сонымен бірге билік «шетелдік нөмірі бар көліктер жол ережесін жиі бұзады деп статистика келтіреді, бірақ жағдайды талдау үшін тұтас республика бойынша статистиканы да келтірсін. Не үшін 170 мың жүргізуші [жол ережесін бұзды делінген] бірнеше мың адам үшін зардап шегуі тиіс?» дейді.

— Біз салық төлеуге дайынбыз. Бірақ үйтіп қыспақтап, миллион теңгеге алған көлігімізді үш миллион 300 мыңға тіркетіп, өз көлігімізді үш есе бағаға сатып алатындай халықтың қауқары да жоқ. Ондай қаражат беріп отырған үкімет те жоқ, — жүргізушілердің бірі.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq