Ақтөбеде жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды
Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 56 жастағы әйелге 111 120 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Ақтөбенің 56 жастағы тұрғыны карантин кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полицейлер әйел адам жалған ақпарат таратқанын анықтаған.
«Аудио жазбада әйел Ресей Федерациясының шекарасынан Ақтөбеге қоғамдық көлікпен 500 адам әкелінгенін, ал бүгін тағы да бір топ студент жеткізілетіні жайлы ақпарат таратқан. Сондай-ақ коронавируспен ауыратындардың саны статистикаға қарағанда әлдеқайда көп екенін және ауруханалар толып қалғанын айтқан. Алайда, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», — деп хабарлады Polisia.kz.
24 сәуір күні әйелге Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 478-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты кінәліге 40 АЕК (111 120 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
sputniknews.kz