Ақтөбеде үздік ауыл еңбеккерлеріне көліктер табысталды
Ақтөбе облысының үздік ауыл еңбеккерлеріне сыйақылар мен автокөліктер табысталды.
Ақтөбеде ауыл шаруашылығы күніне орай жәрмеңке өткізіліп, бір литр сүттің бағасы 200 теңге бір келі ет 1250 теңге, картоп 60 теңге болды.
Бір ғана Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығын өндірушілері облыс орталығына бір центнерден астам сиыр және жылқы етін, 100 келі қой мен шошқа етін, 300 келіден астам сүт өнімдерін әкелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембаев биыл ауыл халқының еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 48%-ға (өткен жылмен салыстырғанда 705 мың теңгеден 1,2 млн теңге дейін) өскенін, асыл тұқымды мал басы 51%-ға (28 мың бастан 42 300 басқа дейін) артқанын айтты.
Құсайын Сәрсембаев:
* Егістіктің 15%-ға, 754 100 гектарға дейін, суармалы жерлердің 41%-ға, 30 600 гектарға дейін өсуі, инновациялық жобалар мен өңдеу өндірісін енгізу өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. қазіргі таңда ара, қоян, балық, бөдене өсіретін 600-ден аса шаруашылық бар. Жаңа егіннің астығы орташа алғанда 12 центнерден 17 центнерге дейін жиналды, қой шаруашылығы белсенді дамып жатыр. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері алда келеді және әрқашан ел Президентінің саясатын белсенді түрде қолдайды,- деп атап өтті.
Бұдан басқа, аталмыш сала еңбеккерлерін марапаттау салтанаты өтті. Боранияз Ерішов («Қазсушар» РМК АФ бас маманы), Надежда Нұржанова ( «Айбек» ӘКК) мен Қадір Қибашев (Қарғалы ауданы) «Еңбек ардагері» медалімен, 18 ауыл тұрғыны Ауыл шаруашылығы министрлігінің грамоталарымен, 62 қызметкер облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Жұбаныш Байгуринов те бар. Шопандар, жылқы, түйе бақташылары да бағалы сыйлықтарға ие болды. Мал дәрігерлеріне, малшыларға, ауыл шаруашылғы құрылымдарының механизаторларына, бригадирлеріне жаңа автокөліктердің кілттері тарту етілді. Сыйақы алғандардың ішінде Әйтеке би ауданындағы «Комсомол» ЖШС-де 26 жыл еңбек етіп келе жатқан тракторшы Сержан Бимағамбетов те бар.
— Мен Комсомол ауылында туып-өстім және әлі күнге дейін осында тұрамын. Жұмыс бар, айлығы да жақсы, бірақ осындай сыйлық алғаныма ерекше қуаныштымын, бір жағынан бұл менің бірінші сыйлығым,-дейді Сержан Бимағамбетов.