Ақтөбеде үстеме ақы алмаған дәрігерлер наразылығын білдірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбеде жедел жәрдем дәрігерлері наразылықтарын білдірді. Олар індет кезінде дәрігерлерге беріліп жатқан қосымша ақыдан құр қалған. Науқасқа алғаш болып жететін 103-тің қызметкерлері басымызды үлкен қауіпке тігеміз дейді. Басшылары наразылықтарын айтып жиналған дәрігерді қорқытып жүр. Жалпы, Ақтөбеде бүгінге дейін ешкім уәде етілген 425 мың теңгені алмапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Кеше ғана жалақысын алған ақтөбелік жедел жәрдем дәрігерлерінің көңіл-күйі түскен. Уәделенген сыйақы түгіл, айлықтары толық түспепті. Коронавирус тарағалы жұмысы екі есе артқан дәрігерлер «оны бағалап жатқан ешкім жоқ» деп қынжылады.

«Ол ақша бір күнде түсті, 50 мыңнан. Ол елу мыңды біз ешкімнен алғытөлем ретінде сұраған жоқпыз. Алғытөлем (аванс) заң бойынша тек қана адам өз еркімен өтініш жазғанда ғана берілетін ақша. Енді оны басында сыйақы деп түсіндік. Енді алғытөлем деп, айлықпен ұстап жатыр», — дейді Мөлдір Атаипова, жедел жәрдем фельдшері.

Жедел жәрдем бекетіндегі 30 бригаданың, онын коронавирус жұқтырғандарға арнайы бөлген. Алайда қалғандары да карантин кезінде қол қусырып отырмайды. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды бақылау солардың мойнында.

«Бізге де қауіп бар. Кез келген шақыртуға ең алдымен біздің мамандар жетеді. Бірақ 425 мың сыйақыны тек коронавирус инфекциясымен байланыс жасағандар алады деп отыр. Ал сол байланыста болғандарды біз тексеріп, жағдайын біліп отырмыз. Неге бұл қызметіміз бағаланбайды?», — дейді Қуаныш Жұмашев, фельдшер.

Өкпесін айтқан мамандарды бекет басшылары қорқытуда. Денсаулық сақтау басқармасындағылар қиын кезде енді «ешкімге қысым көрсетпейміз» деп уәде бергендей болды. Алайда қосымша ақы оларға бәрібір төленбейін деп тұр. Тіпті вирус жұқтырғандармен тікелей жұмыс істегендердің өзідері де әлі күнге дейін 425 мың теңгені алмаған.

«425 мың тап сондай алған дәрігер жоқ. Бірақ жүктемеге байланысты арнайы сетка бар есептейтін. Сол бойынша әртүрлі. Барлығы жүктемеге байланысты. Біз ешкімнің қаражатын төлемей жатқан мәселеміз жоқ», — деді Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы.

Дәрігерлердің осы үстеме ақысына қатысты шағымдарынан президент те хабардар. Індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің ешбірі ескерусіз қалмайды деді бүгін мемлекет басшысы.

«Төтенше жағдай кезінде үстемақы алуға тиісті мамандар уақтылы ақыларын алуы керек. Алғашқы үстеме ақылар беріліп жатыр. Сонымен қатар менің де атыма қаржы алатын адамдарға байланысты арыздар мен түрлі сауалдар келіп түсуде. Мемлекеттік комиссия бұл қаржының уақтылы берілуін қадағалауы тиіс және бақылауды күшейту қажет», — деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үстеме ақыға қатысты біраз аймақтың дәрігерлері шағымданған. Әсіресе сыйақыға ілікпей қалғандардың өкпесі қара қазандай. Сол себепті әр облыс өз бюджетінен ақша бөліп жатыр. Алматылық дәрігерлерге бір миллирад теңге үстемақыға бөлінсе, Ақтөбе әкімдігі небәрі 18 миллион теңгені сыйақыға арнағалы отыр.
 

stan.kz