Ақтөбеде тұрғындар балабақшаның кәсіпкерлерге берілуіне наразы

0

Сейсенбі, 26 наурызда Ақтөбеде бір топ ата-ана және балабақша қызметкері қаладағы балабақшалардың кәсіпкерлер қолына өтіп жатқанына наразылық білдірді. Ақтөбедегі «Кәусарбұлақ» мекемесінің алдына жиналған топ «балабақшалар кәсіпкерлер қолына берілсе, оқу-тәрбие процесі нашарлайды, қысқарту болады» деп ақпарат құралдарына шағымданды. Кейбірі «кәсіпкерлерге берілмесін» деп те ұран көтерді.

— Қызметіне кірісе сала Ақтөбе облысының жаңа әкімі Оңдасын Оразалин «балабақшаларды кәсіпкерлерге беру тоқтатылды» деген болатын. Оның үстіне біз Қазақстанның қаржы министрлігі мен облыс әкімдігіне хат жолдап, «балабақша жекеге берілмейді» деген жауап алғанбыз. 21 наурыз күні қала әкімдігіндегі жиында үш мекеменің кәсіпкерлер қарауына өткені хабарланды. Біз тұрақтылықты қалаймыз, сондықтан ұжымның жекенің қолына өтуіне қарсымыз, — деді жақында ғана кәсіпкерлер қолына өткен №21 «Кәусарбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Света Қосыбаева.

Ақтөбедегі «Кәусарбұлақ», «Аққайың» және «Көркем» балабақшаларының кәсіпкерлерге сенімгерлікпен басқаруға берілгенін қалалық білім бөлімі де растап отыр. Олар жаңа өзгеріс мекемелердің жұмысына оң әсер етпесе, теріс әсері болмайды деп сендіруге тырысты.

Бөлім мамандарының түсіндіруінше, мысалы «Кәусарбұлаққа» бюджеттен жүйелі түрде қаржы бөлініп келсе де, (2014 жылы 8 миллион теңгеге ауласы қоршалып, 37 миллион теңгеге күрделі жөндеу жасалған) қазір «балабақша шатырынан су ағып тұр, бассейні де істен шығып қалған».

Ал «тендер жеңімпазы «Кәусарбұлақ» балабақшасына 102 миллион теңге жұмсап, күрделі жөндеу жасамақшы. Жылу жүйесін жаңалап, су құбырларын алмастырады» деді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Шалабаева.

2017 жылдан бері Ақтөбеде 9 балабақша кәсіпкерлерге берілген. Биыл тағы 11 балабақшаны бизнес өкілдеріне сенімгерлікпен басқаруға беру жоспарланған.

Жақында қызметіне кіріскен облыстың жаңа басшысы Оңдасын Оразалиннің «бұл үрдісті тоқтату» туралы шешіміне қарамастан 26 наурызда Ақтөбеде үш балабақшаның кәсіпкерлер қарауына өткені белгілі болды. Қалалық білім бөлімінің дерегінше, бұл мекемелердің құжаттары Оразалиннің шешімінен бұрын рәсімделіп қойған.

Azattyq