Ақтөбеде «телефон сатушылар» соты басталды

0

27 желтоқсан күні Ақтөбе қалалық соты жергілікті тұрғын Маркс Қалымбетов пен оның ұлы Темірлан Ізғалиев, қызы Эмира Ізғалиеваға қатысты қылмыстық істі қарай бастады. Бір отбасының үш адамы «алаяқтық жасады» деп айыпталған.

Айыптау тарабы «Маркс Қалымбетов пен оның екі баласы 2017-2018 жылдар аралығында алаяқтық жасап, 11 адамға 500 миллион теңге материалдық залал келтірді» деп күдіктенеді. Тергеу материалдарына қарағанда, 1969 жылы Маңғыстау облысында туған Маркс Қалымбетов пен оның балалары жәбірленушілерден «нарықтағы бағадан анағұрлым арзан бағаға қалта телефондарын әкеліп, бірлесе бизнес жасаймыз» деп ақша алған.

Жәбірленушілердің бірі алматылық кәсіпкер Ақылбек Нәукебаев сот алдында Маркс Қалымбетовтің ұлы Темірлан Ізғалиевке әр кезде жалпы сомасы 107 млн 350 мың теңге бергенін айтты.

— Темірланмен жеті жылдан бері таныспын. 2017 жылы Меккеге кіші қажылыққа бірге барғанбыз. Содан кейін ол мені бірлесе бизнес жасауға шақырды. Ортақ іске 10 миллион теңге салсаң, бір айдан соң 11 миллион теңге қылып қайтарып беремін деді. Бастапқыда келісімге сай жұмыс істеп жүрді. Кейін айнып кетті. Темірланға ақшаны таныстарымнан қарызға алып бердім, — дейді Ақылбек Нәукебаев.

Шағымданушылардың бірі Амангелді Өтеулиев болса «Маркс Қалымбетов пен оның балаларына 180 миллион теңге қаржыны өз қолыммен бердім» дейді.

— Әкесі де, ұлы да өзіміз сияқты дін жолында жүрген азаматтар болатын. Сондықтан біз олардың айтқандарына иланып қалдық. Жәбірленушілердің барлығы сотталушылардың атына пәтері мен қымбат көлігін аударып, жинақ ақшасын өз қолымен апарып берген, -дейді шағымданушы.

Барлығы 11 адам «алданып қалдық» деп арыз жазған. 49 жастағы Маркс Қалымбетов пен оның 26 жастағы қызы Эмира Ізғалиева, 25 жастағы ұлы Темірлан Ізғалиев айыпты мойындамайды.

Айыпталушылардың сөзіне қарағанда, Эмира Ізғалиева жергілікті банктердің бірінде штаттан тыс қызметкер болған. Ал оның әкесі мен інісі жеке кәсіппен айналысқан.

Дереккөз: Азаттық