Ақтөбеде тал егеміз деп нан таба алмай қалған жұмысшылар араша сұрады — новости Казахстана

0

Ақтөбе қаласында жаз бойы көгалдандыру жұмыстарын жасаған «Экопарк» мекемесінің қырықтан астам қызметкерлері жалақыларын ала алмай жүр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

«Экопарк» мекемесі қаланы көгалдандыру жұмыстары үшін барлығы 40-тан аса жұмысшыға қарыз болып шықты.

«Бұл мекеменің маған қарызы 750 мың теңге. Ең азы мен. Олар ақша бермей, қарызға кіріп кеткен соң жұмысты тастап кеттім. Қолымда мекемемен отырған келісім-шарт, жасаған жұмыстардың актісіне дейін бар.

Өзім пәтерде тұрамын, екі балам бар. Қарызым көбейіп кеткеннен кейін нан тауып отырған машинамды сатып жібердім.

Жағдай қиын, біздің шағымымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ», — дейді Дархан Тасанов.

Жұмысшылар үш ай жазда қаланың шетінен Хромтау тас жолына дейін отырғызылған көшеттерді суарған.

«Барлық құжаттар бар. Біздің жасаған жұмысымызды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының мамандары тексеріп жүрді. Тендер ойнатылмады деген сылтау. Менің өзіме қарызы миллион теңгеден асып кетті», — дейді Болат Кенжалин.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Ал жұмыс беруші болса өзінің де алданып қалғанын айтады.

«Көктем айында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен тек ауызша келісім болды. Сәуір айында көшет отырғызуды бастап кету керектігін айтты.

Біз айтылған жұмыстарды орындап, отырғызылған көшеттерді суардық. Тұрғын үй шаруашылығы бұл жұмыстардың төленетініне уәде берді.

Осы жұмыстар үшін тендер ойнатылу керек болатын. Белгісіз себептермен болмай қалды. Бірақ, тапсырма берілді. Барлығы 43 гектар болатын 150 мың көшет отырғызылды.

Қай жерге көшет отырғызатынымызды өздері келіп көрсетті. Жұмыстарды Астана, Алматы ауданының әкімдіктері қабылдап алды. Көгалдандыру жұмыстары үшін қаншама адамды жалдадым.

40-тан аса жұмысшының еңбекақысы төленбей тұр. Қала әкіміне арыз жаздым», — деді «Экопарк» мекемесінің директоры Александр Гаврилов.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бұл жерде «ешқандай кінәміз жоқ» деп ақталды.

«Аумақ біздікі, бірақ «тал ек» деп ешкім тапсырма берген жоқ. Бұл кісілер айтқан жерге негізі тендер жарияланды, бірақ тендер өткен жоқ». Енді биылғы жылы тендер болуы мүмкін. Сол кезде қатыссын», — деді қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисембин.

Екі ортада сенделген жұмысшылар жалақыларын кімнен сұрарын білмей дал болып жүр.

Дереккөз: kaz.nur.kz