Ақтөбеде «Сағыз Петролеумнің» екі жүздей жұмысшысы жалақы өсіруді талап етті

0

8 ақпанда Ақтөбеде «Сағыз Петролуем» компаниясының 60-қа тарта жұмысшысы компания кеңсесі алдында жалақыны өсіруді талап етті.

Атырау және Ақтөбе аймағында мұнай барлау және игерумен айналысатын компанияның ондаған қызметкері басшылыққа жолданатын хатқа 188 адамның қол қойғанын айтып, жұмысшылардың бір бөлігі жол қиындығына және жұмысқа байланысты келе алмағанын жеткізді. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда олар 90-160 мың теңге көлемінде жалақы алады, ал бұл қымбатшылық кезде ештеңеге жетпейді.

— Мен өзім 4-разрядтағы электрикпін. Табысым — 135 мың теңге. Экологиялық төлемді қосқанда қолға тиетіні 160-170 мың теңге. Менің бала-шағам бар. Олардың балабақшасы бар. Несие өтейміз. Қымбатшылық болса мынау, күн сайын баға өсіп жатыр. Жалақымыз жетпейді. Негізі үш жылдан бері бұл әңгіме айтылып келе жатыр. 2018 жылы бір рет 7 пайызға жалақы өсті. Бірақ жаппай айлық көтерілген жоқ, — деді компания жұмысшысы Қуаныш Жеңсікбаев.

Жұмысшылар індет кезінде мерзімі бір айдан асып кеткен 30-35 күндік вахтаны 15 күнге қысқартуды да талап етті.

— Бір айдан астам уақыт бала-шағамызды, отбасын көрмейміз. Бұл біз үшін ауыр. Бір айда адам моральдық тұрғыда қажиды. Бізде қандай да бір оқиға туындаса, вахта мерзімі 15 күннен асқан жұмысшыны жауаптан босататын ереже де бар. Сол себепті вахта мерзімін қысқартуды талап етіп отырмыз, — деді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылар арасынан бес адам іріктеліп, компания басшысы Дун Вэньсюаньмен келісімге келу үшін ғимаратқа кірді. Келіссөзге облыстық еңбек инспекциясы басшысы Саламат Аманбаев та кірді. Қалған елуден астам адам сыртта күтіп тұрды.

Аманбаев Азаттыққа ішке кірмей тұрып татуластыру комиссиясының құрылғанын хабарлаған еді.

Сәлден соң сыртқа келіссөзге қатысқан жұмысшылар шықты. Солардың бірі Қуаныш Жеңсікбаев басшылықтың жалақы көтеруге екі ай уақыт сұрағанын, бірақ қанша пайыз көтеретіндіктерін айтпағанын жеткізді. Ал жұмысшылар мәселені екі ай емес, бір ай көлемінде шешуді талап ету қажеттігін айтты. Жұмысшылар мәселені әрі қарай да бақылай беретінін айтып, тарасты.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, «Сағыз Петролуем» Ақтөбе мен Атырау облыстарындағы бірнеше кенішке иелік етеді. Дүйсенбі күнгі жиынға Қағанай, Тасқұдық, Ащыкөл, Шоқат-Дулат, Сарқұмақ-шығыс, Сарқұмақ-батыс, Жантерек кеніштерінен мұнайшылар келді.

Қаңтар айының соңында Ақтөбе өңіріндегі «КМК Мұнай» мен «АМК Мұнай» компанияларының жүздеген жұмысшысы бірнеше күн жалақыларын өсіруді талап етіп, компания басшылығы талаптарын орындауға келіскеннен кейін ереуілді тоқтатқан еді.