Ақтөбеде құжаты жоқ қазақ жанұясы 18 жылдан бері сенделіп жүр (фото) — новости Казахстана

0

Ақтөбеде 18 жылдан бері пәтер жалдап тұратын Турагазиндер отбасы Қазақстан азаматтығын ала алмаған. Қаламқас Турагазина 1985 жылы орынборлық азаматқа тұрмысқа шығыпты. Көрші елде бес баланың анасы атанған әйелдің жолдасы 1999 жылы Қазақстанға оралған деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде 18 жылдан бері құжаты жоқ қазақ отбасы сенділіп жүр

Турагазиндер отбасы. Фото: NUR.KZ.

Қаламқастың өзі де, балалары да әлі күнге дейін Ресей азаматы. Жалғызбасты әйел қаражаттың жоқтығынан құжат жасай алмағаны үшін қорқып, тығылып жүре берген.

«Өзім Қарғалы ауданында тудым. Ресейдің Орынбор облысы Қуандық ауданы Орал ауылына тұрмысқа шықтым. Балаларымның бәрін сол жақта босандым. Бәрі де Ресей азаматы.

Қазақстанға келген кезде кішкентай балам 6 жаста болды. Құжат болмаған соң жұмыс таппай, бау-бақшаларда қартоп қазып, балаларымды асырадым. Балалардың барлығы туу туралы құжатпен келді.

Бір қызым тұрмысқа шыққанында жолдасы екеуі газға уланып қайтыс болды. Олардың да құжаттары жоқ болатын.

Мүгедек балам бар. Құжатының жоқтығынан дәрігерге қарата алмай отырмын. Өзім де ауырамын. Азаматтық алмағаннан кейін емханаға тегін қарала алмаймыз», — дейді Қаламқас Турагазина.

Ақтөбеде 18 жылдан бері құжаты жоқ қазақ отбасы сенділіп жүр

Фото: NUR.KZ.

Жалғызбасты ана талма ауруына шалдыққан баласын 20 жылдан бері дәрігерге қаратпаған. 25 жастағы жігіттің туу туралы ғана құжаты ғана бар.

«Інім науқас. Кезінде сабақты үйден оқып, мектепке де барған жоқ. Інімнің құжаты болмаған соң мүгедектік рәсімдей алмай отырмыз.

Мен өзім өткен жылы ғана уақытша құжат алдым. Қазір үш балам бар. Жолдасым да жұмыссыз. Жалдамалы пәтерде жүрміз. Құжат жасату қаржылық қиындыққа байланысты қалып қоя берді.

Анама 60 мың теңге айыппұл төлеу керектігін айтты. Біз көшіп келген 1999 жылдары шекара ашық болатын. Ал қазір ол жаққа еркін бара алмаймыз. Оның үстіне шығу үшін де ақша керек», — дейді қызы Әлия Свайкулова

Қаламқас Турагазинаның бір баласы ғана «азаматтығы жоқ адамның куәлігі» деген Қазақстан паспортын алған. Қалғандарында шетел азаматына тиесілі уақытша құжат.

54 жастағы әйелдің өзінде Ресей азаматы деп берілген құжаттың да мерзімі өткен.

Ақтөбелік полицейлер отбасыға қалай құжат жасау керектігін түсіндірді.

«Қаламқас Турағазина 2008 жылы Қарғалы ауданына тіркеуге тұрған. Белгісіз бір себептермен құжаттары рәсімделмеген. Ол Ресей азаматы болған соң құжат дайындау қысқартылған тәртіпті өтеді.

Бар болғаны 3 айда азаматтық беріледі. Құжаттың бәрі Орал қаласындағы елшілік арқылы рәсімделеді.

Елшілікке барып, Ресей азаматтығынан шығуға арыз жазуға тиіс. Құжатты дер кезінде рәсімдемегені үшін 10 АЕК әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — дейді көші-қон полциясының қызметкері Айгерім Қартова.