Ақтөбеде «қаржылық ұйымдарға алданған» салымшылар әкімдікке талаппен барды

0

22 ақпанда таңертең Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратының алдына Gold , «Гарант 24 Ломбард» , «Выгодный займ» қаржылық ұйымдарының салымшылары жиналып, биліктен ақшасын қайтарып беруге көмектесулерін сұрады.

Ақтөбе тұрғыны Ләззат Кенжебаева «Гарант24» ұйымына жақындарымен бірігіп 2,5 млн теңге салып, алданып қалғанын айтады.

— «Гарант 24 Ломбард» ұйымына өзім 500 мың теңге салдым. Жолдасым миллион теңге салды. Балам миллион салды. «Выгодный займға» Лексус-470 Әзербайжан көлігі болғаннан кейін соны салып жіберген едік. Бір тиын да алған жоқпыз. Үш айға бөліп береміз деген. Бірінші айда 1 млн 280 мың теңге береміз, үшіншісінде толығымен 7,5 млн қылып қайтарамыз деген. Осылайша алданып қалып тұрмыз, — деді Ләззат Кенжебаева.

Мұнда Ләззат Кенжебаева сияқты ондаған салымшы болды. Олардың арасында пайыздық үстеменің бір бөлігін алып үлгергендері де, бірақ ақшасын толық қайтара алмай отырғандары да бар.

Әкімдіктен шыққан ішкі саясат бөлімінің өкілі халықты сабырға шақырды. Полиция департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов салымшыларға «тергеу жүріп жатыр, арыз жазыңдар, арыз жазбасаңдар, бұл істе ешкім де болмайсыңдар» деп жазбаша шағымдануға кеңес берді.

Наразы тұрғындар «неге осындай жалған компаниялардың емін-еркін жұмыс істеуіне рұқсат бересіңдер, қолына мөр ұстатасыңдар?» деп билікті кінәлады.

21 ақпанда Ақтөбе полициясы «Гарант 24 Ломбард» және «Выгодный займ» ұйымдарының осындағы кеңсесін тінтіп, компьютерлер мен құжаттар тәркілеген. Полицияның айтуынша, бұл екі ұйым «пайыздық үстемемен қосып қайтарамыз» деп тұрғындардан ақшамен бірге көлік, пәтер де қабылдаған. Әзірге бұл үш ұйымнан жалпы нақты қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Самат Аисовтің айтуынша, Gold бойынша 16 мың жәбірленуші бар. Олардың 4 мыңы ғана әзірге полицияға шағым жазған.

Полиция тұрғындар наразылығын сырттай бақылап тұрды.
Жиналған халықты облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов әкімдікке шақырды. Сыртта шамамен екі сағаттай тұрған халық ғимаратқа кіріп кетті.

7 ақпанда Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық етті» деген айыппен Gold компаниясының басшылары – Ресейдің екі азаматы – ұсталған еді. Ертесінде олар екі айға қамалды. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлап, компания салымшыларының полицияға арыз жазуын сұраған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қаржы пирамидасының салымшылары ақшасын қайтаруды талап етті

Azattyq