Ақтөбеде қаржы пирамидасының салымшылары ақшасын қайтаруды талап етті
10 ақпанда Ақтөбеде өздерін «Gold компаниясының салымшыларымыз» деп атаған ондаған адам компания жалға алған офис маңына жиналып, наразылықтарын білдірді. Наразылдардың сөзінше, әрқайсысы қаржы пирамидасымен айналысатын компанияның есепшотына 300 мың теңгеден бастап, 5 млн теңгеге дейін қаржы салған.
7 ақпанда Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық етті» деген айыппен Gold компаниясының басшылары – Ресейдің екі азаматы – ұсталған. 8 қаңтарда күдіктілерді екі айға қамау туралы сот қаулысы шықты. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлап, компания салымшыларының полицияға арыз жазуын сұрайды.
Басшысын ұстап әкеткенін естіген салымшылар қаржылары үшін алаңдайтынын айтады.
10 ақпан күні Gold компаниясының кеңсесі жабық тұрды. Кеңсе тұсына «Өтуге болмайды» деген жазуы бар лента керіліп, есігіне тергеушілердің мөр басып, жапсырып кеткен қағазы тұрды.
— Бұл компанияға 900 мың теңге ақша салғанмын. Өйткені компанияның жарнамасы интернетте ашықтан-ашық төрт айдан бері жүріп жатты. Құқық қорғаушылар мен жергілікті биліктің осы аралықта қайда қарағанын білмеймін. Енді ақшамызды кімнен сұрайтынымызды білмей далмыз, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Жұмагүл Меңдіғалиева.
Өзін Камилла деп таныстырған тұрғынның айтуынша, Gold компаниясының филиалдары Қазақстанның Ақтөбеден де өзге бірнеше қаласында жұмыс істеген. «Өзге филиалдар да бүгіннен бастап жабық» дейді ол.
Наразы топты сабырға шақырмақ болған Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшының міндетін атқарушы Евгениий Годлевский «салымшылардың барлығы полицияға шағымдануы тиіс» деді. Сөзінше, арыз жазғандардың бәрі жәбірленуші деп танылып, сот үкімімен өз шығындарын өндіріп алуына болады.
Годлевский қазір Gold компаниясынан тәркіленген келісімшарттар саналып жатқанын, тап қазір қаржы пирамидасынан қанша адам зардап шеккенін айта алмайтынын жеткізді.