Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды» деген күдікпен тұрғын ұсталды
Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды» деген күдікпен «Выгодный займ» компаниясының құрылтайшысы 29 жастағы Жанболат Есіркепов 28 ақпанда тергеу изоляторына екі айға қамалды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, Жанболат Есіркеповке 22 ақпанда халықаралық іздеу жарияланған.
«Тергеу мүддесіне орай» полиция Жанболат Есіркеповке қатысты басқа мәліметтерді жарияламады.
Полицияның мәліметінше, «Выгодный займ» филиалдары 2018 жылдан бері Ақтөбеде және тағы бірнеше қалада жұмыс істеген. Компанияның Ақтөбедегі кеңселері 21 ақпаннан бері жабық тұр. Сол күні полиция компания кеңсесін тінтіп, құжаттар мен компьютерлерді тәркіледі. Бұл кезде компанияның жүздеген салымшысы сыртта наразылық білдіріп тұрды.
«Выгодный займ» салымшалары арасынан қанша адамның полицияға арызданғаны да белгісіз. Полицияның мәліметінше, салымшылардың басым көпшілігі әлі де ақшасын қайтарып алудан үміттеніп, компания құрылтайшысының үстінен арыз жазбай отыр.
Компанияға ақша салып, қайтара алмай жүрген салымшылардың сөзінше және полицияның дерегінше, компания тұрғындарға микрозайм берумен айналысқан. Яғни, компания есепшотына 300 мың теңге алғашқы жарна салушыларға әр күн сайын пайыздық өсім беріп отыруға уәде еткен. Тұрғындарды «салымдарыңыздан ай сайын 35-48 пайыз өсім болады» деп сендірген.
Осыған дейін Ақтөбеде «қаржы пирамидасын» құрды деген айыппен Gold компаниясының құрылтайшылары — Ресейдің екі азаматы — қамалған еді. Полиция Gold компаниясының кеңсесінен 16 мың тұрғынмен жасалған келісімшарттың тәркіленгенін айтады.
21 ақпан күні Ақтөбе полициясы «қаржы пирамидасын құрды» деген күдікпен «Гарант 24 Ломбард» компаниясының басшысына да іздеу жариялады. Оның кеңсесінен 20 ақпанда 11 мыңға жуық салымшымен келісімшарт табылған.