Ақтөбеде қаңғыбастар үйін паналайтын қария жанайқайын жеткізді — новости Казахстана
Ақтөбелік қаңғыбастар үйінің директоры соңғы жылдары ауыл қазақтары орталыққа жиі келетін болғанын айтып қынжылды деп жазады Керек.INFO.
Бейімдеу орталығының басшысының сөзінше, мекемені паналайтындарды көбі ащы суға салынғандар, түрмеден шыққандар. Олардың барар жерлері жоқ.
Орталық оларды киіндіріп, тамақтандырып, тіпті жұмысқа орналастырады екен. Алайда бір кемшілігі көбісі ішімдікке салынып кетеді. Жалақыларын алған бойда оны араққа жұмсайтын көрінеді.
«Оларды далада қалдыра алмаймыз. Тіпті қаңғыбастарды некелестіріп те көрдік, түк шықпады. Бір айдан кейін айырылысып кетеді», — деді орталықтың директоры Сабырғали Дәулетов
Алайда кейбір қаңғыбастар басындағы қиындықтарына байланысты орталықты паналауға мәжбүр.
Мысалы, Мыңтұрған Жолахановтың орталықта тұрып жатқанына бес жыл болыпты. Оның 2014 жылы үйі өртеніп, құжатсыз қалған.
«Үйім өртеніп, осы жолға түсіп кеттім. Отбасым бар. Алайда ажырасқанмын. Қызым бар, бірақ іздемейді. Құжатымды дайындау үшін осындағылар Оралға дейін апарды. Көзім көрмейді. Кезінде аяғым аязда үсіп қалған. Түнімен ұйықтай алмаймын. Тіпті ауруханаға жатқызбайды. Құжаты жоқ адамды аурухана қабылдамайды. Арасында медбикелер тексеріп тұрады. Құжаттарымды дұрыстасам, қарттар үйіне барамын», -деді 73 жастағы қария Мыңтұрған Жолаханов.
Орталық директоры жаңа үлкен ғимаратты армандайды екен. Себебі бұл жердегі орын 65 адамға арналған, ал күн суытқан кезде келетін адамдар саны 100-ден асып түсетін көрінеді.
Сонымен қатар, мекеме басшысы қаңғыбас қазақтардың саны артқанын айтып, уайымын жеткізді.
«Жаздан бері қазақтар көбейіп кетті. 15-20 жыл бұрын далада қаңғырып жүрген қазақты көрмейтінбіз. Қазір қайыр сұрайтын қазақ көп. Арақ ішетін қазақ көп. Далада құлап-сүрініп жүретін қазақ көп. Не болғанын түсінбей кеттік. Олар ішкесін арақтың буымен жүреді. Отбасы, жұмыс, бала-шаға деп басын қатырмайды. Далада қаңғырып жүрген орыстарды байқамаймыз»,-деп күйінді Сабырғали Дәулетов.
Дереккөз: kaz.nur.kz