Ақтөбеде полиция алаңға келген ондаған адамды ұстады

0

6 шілде күні жергілікті уақытпен 19.00 шамасында Ақтөбе облысы әкімдігінің алдындағы алаңда полиция ондаған адамды үстап әкетті. Полицейлер мен арнайы жасақ адамдарды ұстай бастаған кезде халық наразы болып жан-жақтан «Шал, кет!», «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!» деп ұрандата бастады.

Бұл сәтте жасы егде ақтөбеліктер күштік құрылымдардың өкілдеріне барып, ұсталғандарды босатуды талап етіп жатты. Бірақ олардың талабына құлақ асқандар болмады. Жергілікті ардагерлер кеңесінің өкілі Келдібай Есмағамбетовтің наразы топты кінәлай, полиция қызметкерлеріне қарата «Дұрыс істедіңдер, тәртіп бұзғандарды осылай ұстау керек!» деді.

Полиция ұстап әкетіп бара жатқан тұрғынның бірі “ешкім тәртіп бұзған жоқ. Сендер өз пікірін білдірмек болған жазықсыз адамдарды ұстадыңдар” деді.

Арнайы жасақ алаңға келгендердің бірін әкетіп барады. Ақтөбе, 6 шілде 2019 жыл.

Арнайы жасақ алаңға келгендердің бірін әкетіп барады. Ақтөбе, 6 шілде 2019 жыл.

Әкімдік маңындағы алаңнан адамдар тиелген жалпы саны 6-7 автобус полиция бөлімшесіне қарай кетті. Ақтөбеде нақты қанша адамның ұсталғаны әзір белгісіз. Облыс әкімдігі, облыстық прокуратура мен полиция өкілдері Азаттық тілшісінің ұсталғандар туралы сауалына жауап бермеді.

Облыс әкімдігі ғимараты мен әкімдік алдындағы алаңда 6 шілде таңнан бері күзет күшейген еді. Әкімдік маңында бірнеше автобус, полиция, жедел жәрдем көліктері әлі де тұр. Халық наразылығы басталған кезде Ақтөбеде интернет жұмысы мүлде баяулап, байланыс болмай қалды.

6 шілде астана күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде полиция «рұқсат етілмеген митингке шыққан» жүздеген адамды ұстады.

Бұған дейін өзін қазіргі биліктің оппоненті ретінде атайтын, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 6 шілдеде азаматтарды жаппай наразылық шарасына шақырған еді. Ол «митинг орны» ретінде белгілеген орындарда бүгін полиция азаматтарды ұстаған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні — 6 шілде елде Астана күні ретінде тойланып келеді.

Azattyq