Ақтөбеде өзендердің арнасын тазарта бастады
Ақтөбеде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында сегіз өзеннің арнасы тазартыла бастады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Ақтөбеден өтетін сегіз өзеннің арнасын тазартуға республика бюджетінен алты милиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға өзендердің арнасы тазартылып, табаны тереңдетіледі және жағалаулары бекітіледі.
Ақтөбе қалалық әкімдігінің хабарлауынша, қазір Қарғалы өзенінің Садовое ауылынан Елек өзеніне дейінгі аралығы тазартылып жатыр. «Сазды және Елек өзендеріндегі су қоймалары мен Бұтақ өзенінің де арнасы тазартыла бастаған. Бүгінге дейін Елек өзенінің 1100 метр арнасы тазартылды. Қазір ол жерде сегіз экскаватор жұмыс істеп жатыр» хабарлайды қалалық әкімдік.
Республика бюджетінен бөлінген қаржыға жалпы ұзындығы 118 шақырым болатын өзен арнасы тазартылуы керек. Бұл өзендердің барлығы облыс орталығы Ақтөбе қаласының аумағынан өтеді.
Өзендердің арнасын аршып, табандарын күл-қоқыстан тазарту мәселесін жергілікті экологтар 2017 жылғы көктемгі су тасқынынан соң көтере бастаған.
Оқи отырыңыз: Үйлерін тасқын шайғандар лашықта тұрып жатыр
2017 жылы сәуір айының ортасында су тасыған кезде Ақтөбенің Елек және Қарғалы өзендерін жағалай орналасқан елді мекендер мен саяжайлар тасқынның астында қалған еді. Баспанасыз қалған екі мыңдай тұрғынның 800-ге жуығы бір апта бойы қала мектептерінің спорт залдарын паналаған.
Дереккөз: Азаттық