Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту жобасы уақытша тоқтатылды
Ақтөбеде экологтардың наразылығын туғызған өзендердің арнасын кеңейту жобасы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы 23 маусымда Ақтөбеге барған Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
Министрмен кездескен жергілікті экобелсенділердің бірі, геолог Петр Котиктің пікірінше, онсыз да су қоры аз Ақтөбеде өзендердің арнасын кеңейтуге болмайды. Өйткені арнасы кеңейіп, жағалауға жайылған су ысырап болып, буға айналып жатыр. Мұның салдарынан ауыз су тапшылығы туындауы мүмкін. «Ақтөбеліктерге ауыз суды сағаттап беретін күн де қашық емес» дейді Петр Котик.
— Біз шөлейт аймақтың тұрғындарымыз. Жасыл желек бұрыннан тек өзен жағалауларында ғана кездесетін. Оның өзі аяусыз оталып жатыр. Өзендерде су қалмай барады. Бұл — қолдан жасалған экологиялық апат, — дейді экобелсенділер құрған «Ақтобе, дыши» (Ақтөбе, тыныс ал) қауымдастығының өкілі Александр Мандрыкин.
Министр Мырзағалиев «өзендердің табанын тазартып, арнасын кеңейтуді» өте маңызды жоба деп атап, «мәселе жобада емес, оның қалай жүзеге асырылып жатқанында» деді. Ол алдағы уақытта арнайы жұмыс тобы құрылып, оған жергілікті экобелсенділер, қала жағдайын білетін сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері кіретінін айтты.
— Жұмыс тобы облыс әкімдігі, облыс әкімімен бірге жұмыс істейді. Ал мәселелердің жауабы табылғанша бұл жұмыстарды [өзен арнасын кеңейту жобасын] уақытша тоқтату туралы шешім қабылдадық, — деді Мырзағалиев.
2017 жылы Ақтөбеде өзендер тасып, жүздеген үй су астында қалғанын еске алған министр «су тасқынының қаупін азайту үшін» де жобаны жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.
Қарғалы өзені жағалауындағы саяжайлардың бірінде тұратын Қанымкүл Сәтімова «су тасқынының қаупін азайтатын» жобаны қолдайтынын жеткізді.
— Саяжайда жыл он екі ай бойы тұрып жатқан адамдармыз. Тал-теректің орны толар. Біз үшін ең алдымен қауіпсіздігіміз қымбат, — деді Қанымкүл Сәтімова.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, су тасу қаупі бар аймақта қазір 65 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Ақтөбе қаласы әкімдігі 2017 жылғы су тасқынынан соң сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау туралы шешім қабылдаған. Әкімдік сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын тазалауды төрт мердігер компанияға тапсырған. Бұл жұмыстарға «Жол картасы» бойынша 6,7 миллиард теңге бөлінгені айтылған.
Ақтөбе билігінің дерегінше, биыл осы қаржының екі миллиард теңгесі жұмсалған. Қалған қаржы алдағы екі жылда кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыстарға бөлінуі тиіс.
Маусым айының басында Ақтөбе қаласында «Актобе, дыши» (Ақтөбе, тыныс ал) қауымдастығының белсенділері қала әкімдігіне барып, аймақта өзендердің суы азайып бара жатқанын айтып, мәселені дереу шешуді талап еткен.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде экобелсенділер суы азайған өзендер мәселесін шешуді талап етті
Биыл көктемде құрылған қауымдастықтық белсенділері өзен арналарын тазарту кезінде бұлақтардың көзі бітеліп, жағалаудағы ағаштардың аяусыз оталып жатқанын айтқан еді. Олар өзен арналарын кеңейту кезінде экожүйеге залал келіп, соның салдарынан құрғақшылық болып жатыр деп дабыл қаққан.
Ал Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Еспанов «өзен арнасын кеңейтудің құрғақшылыққа қатысы жоқ», «тағы су тасып, адам шығыны болса, оның орнын толтыру қиын» деп айтқан.