Ақтөбеде өткен Президент шыршасында балалардың барлық армандары орындалды

0

Облыстағы балаларға арналған биылғы  жаңажылдық қойылым «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» деп аталды. Мерекелік шараға облыс орталығы мен барлық аудандардан келген балалар қатысты.

Шыршаның шамдары жағылып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауынан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының атынан әр балаға сыйлықтар табыс етті.

«Президент тапсырмасымен біздер — жергілікті атқарушы билік органдары балаларымыз сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, өнермен айналысып, жан-жақты дамулары үшін барлығын жасап жатырмыз. Өткен жыл біздің облыста Бала жылы болғанын өздеріңіз де білесіздер. Осы жылдың ішінде қаншама балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелер, спорттық және ойын алаңдары салынды, ІТ-сыныптар ашылды, дарынды балалардың дені биылғы жазда шетелде демалды. Осының бәрі балаларымыз өзге өңірлерде, басқа елде тұратын қатарластарынан қалмай, ой-өрістерін кеңейтулері үшін. Алайда, ең бастысы, біздің Президент айтқандай, туған Қазақстанымыздың атын шығаратын лайықты азамат болып өсу үшін осы игіліктердің барлығын пайдалана отыра, үздік әрі жақсы оқып, үлкендерді тыңдауға және оларды құрметтеуге тиіссіздер»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, балалар Аяз Атаға жазған хаттарындағы сыйлықтарының барлығын алды. Олар велосипед, гироскутер, планшет, теледидар, ноутбук және т.б. сұраған. Әр хатта кітаптарға, негізінен энциклопедияларға  сұраныс бар екенін ескеру керек. Жетінші сыныпта оқитын Әсел тігін машинасын, екі жас музыкант – Мейрамбек пен Кәрім қолдан жасалған домбыра сұраса, Алға ауданынында тұратын бесінші сынып оқушысы Сандуғаш фотоаппаратты болды.

Балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекелік түскі аспен жалғасып, мұражайға қыдырды, Ақтөбедегі бас шыршаны тамашалады.

Бұдан басқа, биыл өңірде «Балаларға қуаныш сыйла» атты ауқымды акция өтіп, соның аясында мемлекеттік органдардың, бизнес қоғам өкілдері Аяз атамен және Ақшақармен бірге ерекше білім беруді қажет ететін 3626 баланы құттықтап, сыйлықтар тарту етеді.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/