Ақтөбеде «оқушыға қол жұмсаған» инспектордың соты басталды

0

9 қаңтар күні Ақтөбе қалалық сотында «жоғары сынып оқушысына қол жұмсаған» мектеп инспекторының соты басталды. 22 жастағы Саламат Ермағамбетті тергеу «лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды» деп айыптап отыр.

«Жоғары сынып оқушысына қол жұмсағаннан» соң 2018 жылғы 27 қыркүйектен бастап жұмыстан босатылған Саламат Ермағамбет сотта қазір уақытша жұмыссыз жүргенін айтты. Ал адвокаты Жұмабай Арыстанов тараптардың өзара келісімге келгенін, процессуалдық келісім жасамақ ниеттері барын айтты. Бұдан соң прокурор Бағдат Байтурин тараптарға бұл өтінішті жазбаша түрде білдіруді сұрады. Судья Ербол Әбдіхалықов келесі сот отырысын 21 қаңтар күні сағат 14:30-ға белгіледі.

Оқушыға қол жұмсау дерегі 2018 жылдың 22 қыркүйегінде тіркелген. Ақтөбедегі №2 мектеп директоры Сәния Дәнешова оқиға болған күні «мектеп формасы талабын сақтамаған» ер баламен инспектордың оңаша сөйлескенін айтқан. Екеуінің арасында кикілжің туып, мектеп инспекторы оқушыға «қол жұмсаған». Директордың сөзіне қарағанда, сол бойда мектепке баланың ата-анасы шақырылып, тараптар өзара мәмілеге келген. Кейін бұл жайт әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшіліктің талқысына түскен.

22 жастағы Саламат Ермағамбет инспекторлық қызметке 2018 жылғы 1 қыркүйекте кірісіп, жаңа жұмыс орнында небәрі 22 күн еңбек еткен.

Дереккөз: Азаттық