Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары тағайындалды

0

2018 жылғы 4 желтоқсан 17:24 202

Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары тағайындалды


 
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарын тағайындады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне Тоқжанов Марат Лұқпанұлы тағайындалды. Өңір басшысы мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, білім беру және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, мәдени-демалыс қызметін жандандыру, дене шынықтыру мен спортты дәріптеу, ардагерлерге, зейнеткерлерге, мүгедектер мен аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін әлеуемттік көмекті күшейту, қоғамдық ұйымдарды дамытуды тапсырды.

«Әлеуметтік саладағы үлкен тәжірибеңіз қойылған міндеттерді сапалы шешуге мүмкіндік беретініне сенемін. Осының бәрі ақтөбеліктердің әл-ауқатын дамыту үшін маңызды», — деп атап өтті облыс басшысы Б.Сапарбаев.

Марат Тоғжанов 1965 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Білімі жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясы мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Экономика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 1990 жылы Жезқазған облысының Сәтбаев қаласындағы мектеп-интернатының мұғалімі болып бастаған. 1990 — 1999 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының саяси тарих кафедрасының ассистенті, «Ақжайық ЛТД» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің археология институтының ғылыми қызметкері болды.

Әр жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында, Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мемлекеттік материалдық қор бойынша комитетінің бөлімінде, ҚР Әділет министрлігінің ішкі әкімшілендіру департаментінің бақылау бөлімінде басшылық қызметтерді атқарды. 2004 жылы Теміртау қаласындағы әділет басқармасына басшылық қызметке тағайындалды. 2007-2017 жылдар аралығында Орал қаласы әкімінің орынбасары, БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі, БҚО білім басқармасының басшысы, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы, БҚО әкімі аппаратының басшысы және БҚО әкімінің орынбасары болды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап соңғы тағайындауына дейін ҚР кәсіподақ ұйымдары федерациясының басшысы қызметін атқарды.