Ақтөбеде мүгедек қыз үйінде қамалып қалған

0
36

Ақтөбеде еріктілер екі күн бойы нәр татпай төсек тартып жатқан мүгедек қызды құтқарып қалды

НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз — Sputnik. Ақтөбеде еріктілер екі күн бойы нәр татпай үйінде қамалып қалған мүгедекті ажалдан құтқарып қалды. Олар қараусыз қалған қызды арнайы интернатқа тапсыруды талап етіп отыр.

31 жастағы Айнұр Есенова екі күн бойы нәр татпаған. Бірінші топ мүгедегі пәтерінде жалғыз қалыпты. Еріктілер есікті аша алмаған соң, төтенше жағдайлар қызметі мен полицияны шақыртып, пәтерге терезеден кірген, деп хабарлады «Астана» арнасы.

«Есінеп отырды. Көршісін де танымай қалды. Есін жиып, су ішкен соң ғана таныды. Үйі нашар, қоқыс шығарылмай тұр. Иіс бар. Өзіңіз түсінесіз ғой енді. Қатты әлсіреп қалған. Біз су бердік. Тамақ беруге қорықтық», – дейді ерікті Нұргүл Сыдықова.

Айнұр алты жыл бұрын төртінші қабаттан құлап, екі аяғы жансызданып, қозғала алмай қалған. Әкесімен жатақханада тұрады. Еріктілер қамқоршысының вахталық жұмысқа кететінін біледі. Сондықтан арасында жағдайын біліп тұратын олар бұл жолы жолдары болғанын айтады.

«Постельный режим» дейді ғой, сондай жағдайда келді. Жалпы науқас әлсіреп қалған. Қан қысымы жүзге дейін төмендеген. Тамақтанбағаннан да болуы мүмкін. Науқас қатты шөлдеген», – деп түсіндірді Ақтөбе қалалық темір жол ауруханасының хирургі Жасұлан Тағанов.

Тоңазытқышқа тығылып, шыға алмаған ағалы-інілі балалар көз жұмды

Қазір дәрігерлер Айнұрды толық тексерістен өткізіп жатыр. Еріктілердің айтуынша, оны арнайы емдеу мекемесіне жатқызу қажет. Бірақ Айнұр есепте тұрған емхана мамандары ол үшін әкесінің рұқсаты керек деп отыр. Ал Айнұр әкесінің қамқорлығында болғандықтан, оған әлеуметтік қызметкер бөлінбейтін көрінеді.

«Әлеуметтік қызметкер бөлінбейді. Жеке оңалту бағдарламасында әлеуметтік қызметкер көрсетілмеген. Демек олардың оны интернатқа тапсыруға толық құқығы бар. Есепке қою керек», – дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Гүлмира Сүлейменова.

Қамқоршымен хабарласудың сәті түспеді. Оның телефоны сөндірулі. Айнұрдың айтуынша, әкесі оны туыстарына тапсырып кеткен. Дегенмен құқық қорғаушылар әкесіне қатысты тексеру жүретінін хабарлады. Қызына дұрыс қармайтыны анықталса, жауапкершілікке тартылмақ.



sputniknews.kz