Ақтөбеде мектеп мұғалімі директордан көрген қорлығын айтты
Ақтөбеде мектеп директорының басы дауға қалды. Жас мамандардың бір 3 жылдан бері директордан қорлық көріп келе жатқанын жайып салды. Айтуынша, тіпті, ол өзіне қол көтерген. Ал директор мұғалімнің күнде сабаққа кешігіп келетінін айтып, өзін кінәлады. Тәртіпке шақырғаныммен, қол көтермедім, дейді.
Үш жылдан бері мектеп директорының әрекетіне төзіп келдім деген мұғалім төзімінің таусылғанын айтады. Оның сөзінше, директор ар-намысына тиетін сөздер айтып, тіпті, бірнеше рет қол көтерген. Ал соңғы жағдай «жазғы лагерьге шыға алмаймын» деген сөзден басталыпты. Әдемі Бауыржанқызы қазір директордың үстінен құқық қорғау органдарына арызданып жатқанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
«Ішке кірген бойда маған атылып, ұрып, кабинеттен итеріп шығарғысы келді. Шапалақпен ұрды. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ», — дейді Әдемі Бауыржанқызы.
Алайда мектеп директоры жас мұғалімнің өзіне таққан айыптарымен келіспейді. Айтуынша, ағылшын пәнінің мұғалімі жұмысқа кешігіп келеді, берілген тапсырманы орындамайды. Жұмыс істеген бірнеше жылдың ішінде үстінен бірнеше хаттама толтырылып, ескертулер де жасалды, дейді.
«Лагерьді ашасыңдар, кабинеттеріңді дайындап кетіңдер», — дедім. Ол сенбі жұмыс күні емес екенін, келмейтінін айтты. Дүйсенбі күні жоспарды сұрасам, жоқ. Ымыраға келмейді, үлкенді сыйламайды, басшы деп тыңдамайды. Мен де адам баласымын. Шарам қалмады. Ұялы телефонын сөнідіріп, кабинеттен шығаруға тура келді. Алайда қол жұмсау деген болған жоқ», — дейді Пригород орта мектебінің директоры Гүлнәр Жанина.
Директор мен жас мұғалімнің арасындағы дауды шешуге қалалық білім бөлімі араласыпты. Сөзінше, оқиғаға қатысты комиссия құрылып, қызметтік тексеріс басталған. Егер директордың мұғалімды ұрғаны расталса, қызметінен кетеді.
«Егер мектеп директорының тарапынан адамды ұру фактісі анықталатын болса, оған тиісінше шара қолданамыз. Сонымен қатар бұл жағдай неден туындады, осындай жағдай бұрыннан болып келе жатыр ма, оны да анықтаймыз», — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов.
Қазір «менің рұқсатымсыз видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты» деген директор полцияға шағымданатынын айтады.
stan.kz