Ақтөбеде көз жұмған жеті жасар қызға жедел жәрдем 49 минутқа кешігіп келген

0

Ақтөбелік дәрігерлер жеті жасар қыздың өліміне өздерінің қалай кінәлі болғандарын айтып берді. Өңірде бірінші сынып оқушысының өліміне қатысты денсаулық сақтау министрлігімен арнайы комиссия құрылса, оқиғаны прокуратура бақылауға алған. Ал ақтөбелік дәрігерлер қайғылы оқиғаға жедел жәрдем қызметінің 49 минут кешігіп барғаны себеп болғанын мойындаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

 

«Кешігудің екі себебі бар. Адами фактор орын алған. Көмек сұраушы алғаш хабарласқанда тек дене қызуы бар деп шақырған. Қоңырау қабылдаған диспетчер оны дұрыс тіркемеген. Осылайша, ол көмекті аса қажет етпейтін категориямен түсіп кеткен. Одан бөлек, баланың мекен-жайы дұрыс хабарланбаған. Қайта хабарласу арқылы мекен-жай нақтыланады», — дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Светлана Есенаманова.

Бүгінде кішкентай қыздың өліміне кінәлі дәрігерлер қызметтен шеттетіліп, тексеру жұмыстары басталып кеткен.

«Жедел жәрдем бекетінің дәрігері мен диспетчері жұмыстан шеттетілді. Барлығы тергеу кезінде сотпен анықталатын болады. Жедел жәрдем бала өлгеннен кейін ғана жеткен. Олар 49 минуттан кейін барған. Анасы барлық көмекті жасауға тырысқан. Ағаш қасықпен тілін шығарғысы келген. Қазір бұл жағдай бойынша барлық құжаттар прокуратураға жіберілді», — дейді Есенаманова.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде дене қызуы көтеріліп, талып құлаған жеті жасар қыздың көз жұмғаны хабарланған еді. Оған «механикалық асфиксия» диагнозы қойылған.

Марқұмның анасы Динара Баймағамбетованың сөзінше, ол тап осылай екінші қызынан айрылып қалған. Көп балалы ана дәрігерлердің үстінен полицияға шағым түсірген.