Ақтөбеде кәмелет жасына толмаған қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеген
Ақтөбеде кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікке тартқан жеңгетай ұсталды. Ол осы қызметі үшін клиенттерден ақшалай сыйақы алып отырған деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық оқиға 2021 жылдың 18 ақпан күні анықталған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізу барысында ақшалай сыйақы үшін сайт арқылы қыздарды клиентке ұсынған жеңгетайды ұстады.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 134-бабы 1-бөлігімен Бырыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық кодекстің 134-бабының 1-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы беріледі», — деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.