Ақтөбеде ереуілден соң жұмысcыз қалған қызметкерлер компания кеңсесіне жиналды

0
309
Сурет: Жаңагүл Жүрсін

8 ақпанда «Биккор» компаниясының оннан аса бұрынғы қызметкері компанияның Ақтөбедегі кеңсесіне барып, өздерінің заңсыз жұмыстан шығарылғанына шағымданды.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Жаңажол мұнай кенішіне клининг қызметін көрсететін «Биккор» компаниясының бір топ қызметкері ақпан айының басында жалақының аздығына шағымданып, ереуілге шыққаннан кейін жұмыссыз қалған еді.

Дүйсенбі күні олар өздерінің құқықтарын даулап, кеңсеге барған кезде мекемеде тек есепші мен кадр бөлімінің қызметкерлері ғана отырды.

– Бізге ешкімнің жаны ашып жатқан жоқ. Еңбек инспекциясынан да көмек жоқ. «Арыз жазсын, тексереміз» дейді. Олар анық-қанығын тексереді дегенге сенбеймін. Өйткені үкіметке сенбеймін. Мен тек журналистерді шақырып, осындай мекеме барын халық көрсін деп отырмын. Былайша айтқанда, жұрт жұмысқа кіріп алып, бармағын тістеп қалмасын деп отырмын. Ел-жұрт білсін, жоғарыда отырғандар аралассын деймін, – дейді жақында жұмыстан шығуға мәжбүр болған жұмысшылардың бірі Нұржан Шәмшиев.

Бір апта бұрынғы ереуілде жұмысшылар алатын жалақыларының мардымсыз екенін айтып, 100 пайызға өсіруді талап еткен. Дүйсенбі күні олар тағы да жалақы мәселесін көтерді.

– Алатын жалақымыз жетпейді. Беретіндері – 55 мың теңге. Оның жартысын несиеге ұстайды. Жартысы жетпейді. Бір шампунь, бір темекі алып, жұмысқа қайтып келеміз. Шынымызды айтсақ, туған шешемізді баға алмай жүрміз, – дейді ереуілден кейін жұмыссыз қалған жұмысшы Сәбит Оразғалиев.

Компания кеңсесінен мардымды жауап ала алмаған жұмысшылар бұдан соң еңбек инспекциясына қарай бағыт түзді. Дүйсенбі күні түстен кейін еңбек инспекциясының өкілдері жұмысшылардың келмегенін айтты.

Бұған дейін компания басшылығы «Кеніштегі тазалыққа жауапты адамдар мұнайшы, бұрғылаушы сияқты ақша алғысы келеді. Олай болмайды, қолымыздан келгенді істеп жатырмыз» деп мәлімдеген. Ал әкімдік «жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы жалақы мәселесіне әкімдік араласа алмайды» деп айтқан. 8 ақпанда Азаттық тілшісі олардан жауап ала алмады.

«Биккор» компаниясының жұмысшылары 2 ақпанда жалақыларын көбейтуді талап етіп, ереуіл өткізген. Желіде тараған видеода ереуілге қатысушылардың бірі «Айлығымызды ең болмаса 100 мың теңге қылсын! Осында істегеніме 10 жыл болды. Он жылдан бері бері 55 мың теңге айлықпен жүрмін» деген еді.