Ақтөбеде Covid-19 жұқтырғандарды ит-мыстың дәрісімен емдеп жатыр
Коронавирусқа шалдыққан науқастар ит-мысыққа қолданылатын препараттармен өзін-өзі емдеуге кіріскен. «Ивермек» дәрісінің ковидтен құлан таза айықтыратынына сенгендер оны жаппай сатып алып жатыр. Алайда дәрігерлер бұл тек соқыр сенім екенін айтады. Сөздерінше, жануарларға арналған препараттар адам денсаулығына керісінше үлкен қауіп төндіреді, – деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ауруханаға осындай дәрі қолданғаннан кейін жағдайы нашарлап келгендер де бар. «Ивермектің» бір дозасы адамды ковидттен айықтырып жатыр» деген ақтөбеліктер арасындағы қауесетті мал дәрігерлері де естіпті. Тіпті соңғы кезде ветеринарлық дәріханаларға осы препаратты іздеп келетіндер көбейген. Мамандар бұл төрт түлік мал мен ит-мысықтың тері ауруларын, яғни қотырды емдеуге қолданылатын препарат дейді.
«Сұранысқа ие екенін дәріханалардан естіп жатырмыз. «Жансақтау бөлімінде жатқан адамдарға бір-ақ рет пайдаланса, жазылып кетеді екен» деген әңгімелер болды. Осы жүріп жатқан індетке қарсы қолданған. Мұны біз дозамен жасаймыз. Бір малдың өзіне көп доза салынған жағдайда кері әсерін береді», – деді мал дәрігері Нәзипа Алдабергенова.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар қазір коронавируске шалдыққан ақтөбеліктердің 80-90%-ы дәрігерлердің нұсқауынсыз, үйлерінде өз бетінше емделіп жатқанын айтады.