Ақтөбеде бас шырша шамы жағылды

0
118

18 желтоқсан, сейсенбі күні Абай даңғылында Ақтөбе облысының 30 метрлік бас шыршасының шамдары жағылды

Шыршаны танымал ақтөбеліктер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, «Миссис Ақтөбе-2011» байқауының жеңімпазы Светлана Айтбаева, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирдің жүлдегері Дарья Вдовина мен Ақтөбедегі хоккейден жастар командасының капитаны Никита Белашев салтанатты түрде жақты. Сол кеште Ақтөбеде облыс әкімдігінің алды мен Арбатта орнатылған барлығы төрт шыршаның шамдары жағылды. Салтанатты рәсімнен кейін түрлі-түсті театрландырылған қойылым мен  концерттік бағдарлама өтті. Салтанатты шараға қала тұрғындарымен және қонақтарымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты. Ол Арбаттың бойымен қыдырып, қалалықтармен әңгімелесті, оларды мерекелерімен құттықтады.

Сол кеште Ақтөбедегі Арбаттың барлық алаңдары түрлі-түсті иллюминациямен жарықтандырылып, қала тұрғындарын ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киген мәнерлеп сырғанаушылар өз өнерлерімен қуантты. Ақтөбеліктер көңілді спорттық жарыстарға қатысты.

Облыс орталығының алаңдары мен көшелерінде 17 желтоқсаннан бастап елуден астам шырша орнатыла бастады. Жаңа жыл сұлулары сондай-ақ, Тұңғыш президент атындағы саябақта, «Батыс-2» және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарына да орнатылады.

Орталық стадион ауданында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұз қалашығы салынған. 14 желтоқсаннан бастап қала бойынша барлығы 48 мұз айдыны жұмыс жасап жатыр. Мыңнан аса жаңажылдық ертеңгіліктерге 80 мыңнан астам бала жиналады.

Тұрғындарға қолайлы болу үшін жаңа жыл күндері ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта, «Батыс-2» және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарында басты мәдени-көпшлілік жаңажылдық шаралар мен мерекелік отшашулар өтеді.

Мерекелер қарсаңында қаланың әр нүктесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үнемі өткізіліп тұратын болады. Қала тұрғындарына азық-түлік тауарларының кең таңдауы төмен бағамен ұсынылатын болады.

«Қамшы» сілтейді