Ақтөбеде бақылаушылар сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті

0

10 маусым күні түстен кейін жиырма шақты бақылаушы Ақтөбе қаласындағы сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етіп, облыс әкімдігіне барды. Наразы топты облыс әкімінің орынбасарлары Мавр Абдуллин мен Марат Тоқжанов, Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев қабылдады.

— Кезектен тыс президент сайлауы кезінде Ақтөбе қаласында 158 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның басым көпшілігінде заң талаптары бұзылды. Әсіресе, дауыс саналар кешкі жетілерге таман сайлау учаскелерінің төрағалары тәуелсіз бақылаушыларды залдан шығарып жіберуге тырысты. Түрлі сылтаумен жасақ шақырды, үстерінен акт толтырды. Және мұндай жағдай бір мезетте бірнеше сайлау бөлімшесінде болып жатты, — дейді тәуелсіз бақылаушы Бақыт Жаншаева.

9 маусым сайлау күні кешкі 19:00 шамасында сайлау учаскесінен шығарылған тәуелсіз бақылаушы Мейрамбек Камалов сайлау бөлімшесі төрағасының үстінен прокуратураға шағым түсіргенін айтады.

— Ақтөбедегі №532 сайлау учаскесінің төрағасы бағыттамаға бөлімше нөмірін кірер кезде жазғаным үшін мені шығарып жіберді. Осылайша «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 14 және 20-баптарын өрескел түрде бұзды. Бұл – байқаушының міндеттерін реттейтін баптар — дейді Мейрамбек Камалов.

Тағы бір тәуелсіз бақылаушы Едіге Сәмен №532 сайлау учаскесінің төрағасы санақ қортындысымен таныстырмай, бюллетеньдерді қалалық сайлау комиссиясына әкеткеніне наразы.

Тәуелсіз бақылаушылар наразылығын тыңдаған жергілікті билік сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтар туралы дәлел-дәйектерді жинап, қағазға түсіріп, прокуратураға тапсыруға кеңес берген.

— Байқаушылардың наразылығын Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясы тыңдауы керек еді. Бірақ аумақтық сайлау комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласына сайлаудың есебін беруге кеткендіктен наразы топты бүгін облыс басшылары қабылдады. Ал негізінде жергілікті билік сайлау комиссиясымен бір ғимаратта отырғаны болмаса, комиссияның жұмысына араласа алмайды. Сондықтан бұл іспен бұдан әрі прокуратура және қалалық сайлау комиссиясы айналысады, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда билікке қарсы наразылық өтіп, полиция жүздеген адамды ұстады.

10 маусымда елде күзет күшейіп, полиция адамдарды ұстауды жалғастырды. Осы күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялап, «Нұр Отан» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70 пайыздан артық дауыс жиғанын жариялады.

10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Бауыржан Момышұлы — Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам сайлау нәтижесін жарамсыз деп, наразылық білдірген. Сол уақытта полиция 50-60 шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Олардың арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов болған.

Azattyq