Ақтөбеде 9 жасар баланың өлімінен соң ауруханадағы бөлім басшысы жұмысынан кетті — новости Казахстана

0

Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында соқыршек отасынан кейін көз жұмған тоғыз жастағы Нұрәділ Қонысбаевтың анасы ұлының өліміне не себеп болғаны әлі анықталмағанын айтады. Бұл туралы «Диапазон» басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.

diapazon.kz

Фото:diapazon.kz

Оқиға қаңтардың 15-інен 16-сына қараған түні болған. Оң жақ бүйірінің ауырғанына шағымданған баланы ата-анасы Хромтау ауруханасына жеткізген.

Ол жерде тексеру жүргізген дәрігерлер жеткіншекті Ақтөбе қаласының ауруханасына жіберіпті.

Ақтөбеде баланың соқыршегіне ота жасалып, одан кейін ол тіл тартпай кеткен.

«Облыстық денсаулық сақтау мекемесінің ақпаратынша, баланың өліміне кейін пайда болған аллергиялық реакция — анафилактикалық шок себеп болған. Тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін анестезиолог дәрігерге наркоз салуға тыйым салынды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау мекемесінің өкілдері.

Баланың анасына 16 қаңтар күні таңғы 10-да дәрігерлер хабарласып, ұлының жағдайы нашарлағанын айтқан. Алайда бала таңғы алтыда қайтыс болыпты

Дәрігерлер ата-анасына кеш хабарласуды баланың статистикалық картасын таппауымен түсіндірген. Алайда Нұрәділдің анасы оны дәрігерлерге табыстағанын айтып отыр.

«Дәрігерлер кабинетінде баламыздың қайтыс болғанын хабарлады. Бірақ себебін білмейтіндерін айтты. Ота кезінде бәрі жақсы болған. Сарапшыны күтіп отырыпты», — деді баланың анасы Әсима.

Нұрәділдің жерлеу рәсіміне дәрігерлер келіп, көңіл айтыпты. Алайда ата-ананың көкейіндегі сұраққа сол күйі жауап бермеген.

«Дәрігерлер барлық қайтыс болған науқастардың туысқандарына көңіл айта ма? Неге ұлым өлгеннен кейін дәрігер жұмыстан шығып кетті? Неге ауруханада анафилактикалық шок алған баламды құтқармады? Ота сәтті өтсе, неге балам қайтыс болады? Біреулер ол есін жиды десе, біреулер тіл тартпай кетті дейді. Қайсысы шындық?», — деп шырылдады қайғыдан қан жұтқан ана.

Жеткіншектің өліміне не себеп болғанын арнайы комиссия анықтап жатыр. Балалар ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Жасқайрат Сатаев оқиғадан кейін жұмыстан шығып кеткен.

«Ауруханада 30 жыл еңбек еттім. Болған жайтты таңғы алтыда естідім. Сол түні бес балаға ота жасалған. Қазір мән-жайды фармакологтар мен басқа да мамандардан құрылған комиссия анықтауда. Мен өз еріммен жұмыстан шығып кеттім», — деді Жасқайрат Сатаев.

Дереккөз: kaz.nur.kz