Ақтөбеде 7-20-25 бағдарламасының бастапқы жарнасына жеңілдік жасалды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өңірде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру барысы және ағымдағы жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған брифингте Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
«Ағымдағы жылы облыста барлығы 36 балабақша ашылды. Қазіргі уақытта балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту көрсеткіші 98% құрап отыр. Бүгінгі күні 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы 15 мектептің құрылысы аяқталды. Келесі жылы өңірдегі үшауысымды, материалдық-техникалық базасы нашар мектептер мәселесі толық шешіледі», — деді Сапарбаев.
Оның айтуынша, Ақтөбеде «Әсем» балалар білім беру-демалыс орталығының жұмысы тиісінше қолға алынған. Бұл орталық өңір балаларын озат оқуға, белсенді болуға ынталандырады.
«Осы жылдың өзінде облыста 16 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Айта кету керек, оның 65% тұрақты жұмыс орындары», — деді әкім.
Сапарбаев Ақтөбеде «5 әлеуметтік бастама» аясында жұмыстар белсенді іске асырылып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта жалпы құны 1 млрд 300 млн теңге болатын 153 арыз мақұлданды. Сонымен қатар, біз 20% құрайтын бастапқы жарнаны 10% дейін төмендетуді қолға алдық. Яғни, баспана бағдарламасының қалған 10% бастапқы жарнасын біз жергілікті бюджеттен төлейтін боламыз», — деді облыс басшысы.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ