Ақтөбе жүргізушілері жалақыларын көтерсін деп ереуілге шықты

0

Бүгін Ақтөбеде «Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының» 100-ге жуық жүргізушісі ереуілге шықты. Олар жалақыларын 200 мың теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Бұл туралы Азаттық хабарлады.

«Мен осы жерде екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. 46-маршрутта. 1-маршрутты жауып тастады. Күніне сізге 70 мың теңге тапсырамыз. Сенбі, жексенбі күндері 40-45 мың тапсырамыз. Менің алатын айлығым – 32 мың теңге. Сіз неге сол ақшаның өзін уақытында бермейсіз? Неге 6 айдан бері зейнетақы жарнасы түспей жатыр? Неге медициналық сақтандыруға ақша түспей жатыр?» – деді жүргізушілердің бірі Бекзат Аязбаев.

Сонымен қатар, жүргізушілер көлік сынғанда бөлшектерді өздері сатып алатынын, жоспардың негізсіз көбейтілгенін айтып шағымданды.

«Жоспарды өсіріп тастағанына бір ай болды. 70 мың қылды. Яғни, күн сайын бір автобус 70 мың теңге тапсыруы тиіс. Оны орындау мүмкін емес. Кейде кондукторға беретін ақша таба алмаймыз. Себебі 5 мың теңге бермесең, ешкім жұмыс істемейді. Ал кондукторды өзіміз жалдаймыз. Олар да мен құсап, 4 жарымда тұрады. Олардың да отбасы бар, олардың да жұмыс істегісі келеді. Қазір жағдайымыз өте қиын. Біз малаймыз ба не?» – деді жүргізуші Мұңсыз Тілегенова.

12 ақпанда қала мен маңындағы елді мекендерде мыңдаған жолаушы қатынассыз қалды.