Ақтөбе соты «233 мекемені шығынға ұшыратты” деп айыпталған екі шенеунікті ақтады

0

12 тамыз күні Ақтөбе қалалық соты табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Гүлім Масина мен осы департаменттің бөлім басшысы Нұрлан Болатбаевты ақтап шықты. Тергеу оларды «абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық жасады» (Қылмыстық кодекстің 371-бабы, 2-бөлімі) деп айыптаған еді. Соттың мәліметінше, тергеу монополияны реттеу департаменті қызметкерлеріне тағылған айыпты сот алдында дәлелдей алмаған.

Прокурор Елубек Таласов «шенеуніктердің салғырттығынан жергілікті монополист Ақтөбе жылу электр орталығы мен «Трансэнерго» акционерлік қоғамы жылу тарифін заңсыз қымбаттатып, 2018 жылы мемлекеттік мекемелерге 428 млн теңге шығын келтірді» деген болатын.

Сот процесі барсында шенеуніктердің салғырттығынан 233 мекеме зардап шеккендігі де айтылған еді. Соның бірі – полиция департаменті 2018 жылы жылу үшін 15 млн теңге, прокуратура 1 млн теңге артық төлеген. Ал Ақтөбедегі орта білім беретін мектептердің әрқайсына 1,5 млн теңгеден 3,5 млн теңгеге дейін шығын келген. Зардап шеккендерге арасында Казхром, АЗХС секілді ірі кәсіпорындар да бар болатын.

Тергеу материалдарына қарағанда, Ақтөбе жылу электр орталығы тарифті қымбаттату туралы өтінішті табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментіне 2017 жылғы қазанда, «Трансэнерго» 2017 жылғы желтоқсанда тапсырады. Ақтөбе жылу электр орталығы департаментке Еуразиялық Даму банкімен жасалған кредиттік келісімшарт жобасын да ұсынады. Ол жобада жылу энергиясы жүйелеріне жөнделетіні, оған жұмсалатын қарызды Еуразиялық Даму банкі беретіндігі көрсетілген. Тергеу барысында Еуразиялық Даму банкі Ақтөбе жылу орталығына іс жүзінде ешқандай несие бермегені анықталған. Тергеу Ақтөбе жылу электр орталығын «банктен алмаған қарызын тарифке қосып жіберген» деп айыптады.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы Гүлім Масина мен осы департаменттің бөлім басшысы Нұрлан Болатбаев өздеріне тағылған айыппен о бастан келіскен жоқ. Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, 12 тамыз күнгі Ақтөбе қалалық сотының үкімі күшіне енсе, ақталғандар өздерін заңсыз қылмыстық жауапқа тартқандардың үстінен сотқа шағымданады алады. Айыптаушы тараптың да апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Azattyq