Ақтөбе қалалық соты жергілікті журналисті ақтады

0

21 мамырда Ақтөбе қалалық соты жергілікті «Ақтөбе таймс» газетінің журналисі Татьяна Токарьді ақтады.

2016 жылы «Алаяқтық» бабымен 9 жылға сотталған заңгер Ирина Гурко журналист Татьяна Токарьді «мені қорлады, жала жапты» деп айыптап, сотқа шағымданған. Токарь 2016 жылы 10 қарашада газетке Гурконың ісі жайлы «Алаяқтардың бандасы сотталды» («Посадили банду мошенников») деген мақала жариялаған.

Журналистің үстінен Қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-бөлімі (Ақпарат құралдары не телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Журналист өз материалын баспасөз релизі мен сот залынан алынған ақпарат негізінде жазған. Оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Сондықтан сот Татьяна Токарьді ақтау туралы үкім етті, — деді судья Ербол Әбдіхалықов.

Журналисті сотқа берген Ирина Гурко 21 мамыр күнгі сот үкімін колонияда отырып, видео байланыс арқылы тыңдады. Судья Әбдіхалықовтың айтуынша, журналист өзін қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болған Ирина Гурконың үстінен сотқа шағымдануға құқылы.

Тергеу материалдарына қарағанда, заңгер Ирина Гурко азаматтарға үстеме ақымен қарыз берген. Қарызды қайтармаған «айыпты» клиенттерге үстеме төлемді көбейтіп отырған. Бұл әрекетін азаматтық некедегі күйеуі және таныс нотариусымен бірлесе жүзеге асырған. Сондықтан тергеу Ирина Гурконы «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды», «алаяқтықпен айналысты» деп айыптаған. 2016 жылы 9 жылға бас бостандығынан айырылған заңгер жазасын Қостанайдағы КА-168/2 мекемесінде өтеп жатыр.

Azattyq