Ақтөбе полициясы «бала зорлаған» күдіктіні әлі таба алмады

0

Ақтөбе полициясы «бала зорлаған» күдіктіні екі тәуліктен бері таба алмай жатыр. 13 желтоқсанда Ақтөбеге Қазақстанның ішкі істер министрлігінен арнайы топ келген. Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Арнайы штаб құрылып, иісшіл иттері бар кинологтар қызметі де жұмыс істеп жатыр. Бұрын осындай қылмыс жасағандар мен пробация есебінде тұрғандар түгел тексеріледі, — деп хабарлады полиция.

«Зорланған бала» 12 желтоқсаннан бері Ақтөбе облыстық клиникалық балалар ауруханасында. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Светлана Есенаманованың сөзіне қарағанда, 2010 жылы туған пациенттің қазіргі жағдайы тұрақты.

«Баламен ең тәжірибелі психологтар жұмыс істеп жатыр, қан кету тоқтатылды. Өзге ештеңе айта алмаймын» деді Светлана Есенаманова.

Полиция департаменті 13 желтоқсанда оқиғаға байланысты брифинг өткізбек болған еді. Әзірге полиция да, прокуратура да ешқандай мәлімдеме жасамады.

Бұған дейін WhatsApp желісінде Ақтөбе облысы Алматы аудандық полиция басқармасының ішкі құжатына ұқсас дерек жарияланып, Ақтөбеде бір ер адамның 2010 жылы туған 4-сынып оқушысын зорлағаны туралы ақпарат тараған еді. Құжаттың аяқ жағында полиция басқармасы бастығының аты-жөні көрсетілген.

Жұма күні «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова Facebook-тегі парақшасында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа үндеу жариялап, «зорланған қыз» бен оның отбасы, қылмыс туралы барлық ақпараттың таралып кеткеніне шағымданды.

Қараша айының ортасында Таразда ер адам мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан 7-сынып оқушысын зорлаған. Бұл оқиғадан кейін қала әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алған. Мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан қуылған. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның бұрын сотталғанын хабарлаған.

Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің дерегіне сүйенген жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 2019 жылы жеті айда «Зорлау» бабы бойынша 938 қылмыстық іс қозғалып, сотқа тек 179-ы ғана жеткен. «Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті» бойынша 291 іс қозғалып, сотқа 126 іс жеткен.

Azattyq