Ақтөбе өзендерін тазалаған кезде ағаштарды заңсыз отағандар үстінен іс қозғалды
Ақтөбе облыстық прокуратурасы аймақтағы өзендердің арнасын тазарту кезінде жалпы құны 6 миллион теңге болатын ағаштарды кесіп тастаған мердігерлердің үстінен іс қозғағанын хабарлады. Қазір облыстық прокуратура мердігерлер мен жауапты мемлекеттік органдарды тергеп жатыр. Бұл туралы 7 тамыз күні Ақтөбе облыстық прокуратурасында өткен брифингіде облыстық прокурордың аға көмекшісі Азамат Қостанов айтты.
— Прокуратура экологиялық заңнамалардың бұзылуына орай 7 қылмыстық іс қозғады. Оның бесеуі өзендердің арнасын тазартқан мердігерлердің үстінен қозғалған. Тергеу оларды «ағаштарды заңсыз кесті», «Қызыл кітапқа енген ағаштарды отады» деп айыптап отыр. Сонымен қатар Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесі мен Ақтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының үстінен де іс қозғалды. Мемлекеттік органдар «өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін» және «өз қызметтеріндегі әрекетсіздіктері үшін» айыпталған, — дейді Азамат Қостанов.
Прокуратураның мәліметінше, табиғатқа келтірілген залал мөлшері 6 млн теңгеден де көп болуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде арнайы шақыртылған сарапшылар жағалаулардан қандыағаш (ольха) секілді Қызыл кітапқа енген ағаштардың да оталғанын растаған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеті өзеннің жағалауынан жалпы саны 120-дан астам ағаш оталған. Тергеу әлі аяқталған жоқ.
Ақтөбе қаласы әкімдігі 2017 жылғы су тасқынынан соң сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалау туралы шешім қабылдаған. Әкімдік бұл жұмысты төрт мердігер компанияға тапсырған. Өзендер арнасын тазартуға «Жол картасы» бойынша 6,7 миллиард теңге бөлінгені айтылған.
Ақтөбе қаласы билігінің дерегінше, 2019 жылы осы қаржының екі миллиард теңгесі жұмсалған. Қалған қаржы алдағы екі жылда кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыстарға бөлінуі тиіс болатын. Бірақ экология жанашырларының наразылығын тудырған жоба 2019 жылғы 23 маусымнан бері жұмыс уақытша тоқтап тұр.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту жобасы уақытша тоқтатылды
Маусым айының басында Ақтөбе қаласында «Актобе, дыши» (Ақтөбе, тыныс ал) қауымдастығының белсенділері қала әкімдігіне барып, аймақта өзендердің суы азайып бара жатқанын айтып, мәселені дереу шешуді талап еткен.
Биыл көктемде құрылған қауымдастықтық белсенділері өзен арналарын тазарту кезінде бұлақтардың көзі бітеліп, жағалаудағы ағаштардың аяусыз оталып жатқанын айтқан еді. Олар өзен арналарын кеңейту кезінде экожүйеге залал келіп, соның салдарынан құрғақшылық болып жатыр деп дабыл қаққан.
Ал Ақтөбе қаласының сол кездегі әкімі Ілияс Еспанов «өзен арнасын кеңейтудің құрғақшылыққа қатысы жоқ, тағы су тасып, адам шығыны болса, оның орнын толтыру қиын» деп айтқан. Ақтөбе әкімдігінің дерегінше, су тасу қаупі бар аймақта қазір 65 мыңнан астам адам тұрып жатыр.