Ақтөбе облысында жол апатынан бүтін бір отбасы көз жұмды

0

Ақтөбе облысының Қалабай аулы маңында болған жол апатынан бір отбасы мүшелері көз жұмды, деп хабарлайды»Мой Город» басылымы.

Жол апаты 16 тамызда 19:15-те болған. Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Nissan X-Trail көлігінің 39 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласы жақтан Ырғыз ауылына қарай келе жатқан.

Алдындағы көлікті басып озбақ болған ер адам қарсы жолға шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысты. Жүк көлігінің рөлінде Қырғызстан азаматы отырған.

Апат салдарынан Nissan жүргізушісі, оның 40 жастағы жары мен 11 жастағы ұлы сол жерде көз жұмған. Бес жасар ұлы мен 10 жастағы қызы Ырғыз ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Алайда ұл ауруханада көз жұмды.

Жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Екі және одан да көп адамның өліміне себеп болған жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша іс қозғалды.

«Көлікті басып озуға шықпас бұрын, қарсы бетте кедергінің жоқтығына және жеткілікті арақашықтық барына көз жеткізу қажет. Барлық жүргізушілерді жолда абай болуға, жол қозғалысы ережесін сақтауға шақырамын», — деп атап өтті Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.