Ақтөбе облысында өртенген автобус иесінің соты басталды

0

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты Ақтөбе облысында өртеніп, «салонындағы 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен» автобус иесі Ордухан Мехтиевтің ісін қарай бастады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғылықты жері Ташкент болғанымен, Қазақстан азаматы 46 жастағы Мехтиевтің үстінен Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. Алғашқы сот талқылауы 24 сәуір түстен кейін өткен.

Баспасөз қызметі Мехтиевтің ісі бөлек қаралып жатқанына сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталған деректер себеп екенін айтады. Тергеу барысында Мехтиев пен «Азия Тразит Сервис» серіктестігі директоры арасында жасалған жалдау келісім-шартына сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысы бойынша, келісім-шартқа өзге біреу қол қойғаны анықталған.

Сотта күдікті тағылған айыппен келіспейтінін, кінәсін мойындамайтынын айтқан.

Ордухан Мехтиев 2018 жылдың 20 қарашасында Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталған. 26 желтоқсанда Өзбекстаннан Қазақстанға экстрадицияланған.

ВИДЕО: Автобус өртенген аймақ, 18 қаңтар 2018 жыл.

Биыл 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент — Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Кейін Ақтөбеде қайғылы оқиғаға байланысты іс қозғалып, бес адам қамалған. Аман қалған үш жүргізуші биыл қараша айында бес жылға, автобусты жалға алған «Азия транзит сервис» компаниясының құрылтайшысы мен автбоус механигі үш жарым жылға сотталған.

Azattyq