Ақтөбе облысында аязда баланы далаға жалаңаш алып шыққан әйелдің әрекеті жұртты дүрліктірді (ВИДЕО)
Желіде Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында аязды күні жартылай жалаңаш баланы далаға алып шыққан әйелдің видеосы тарады, деп хабарлайды Kznews.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Видеода әйелдің қыстық киім киіп алғаны, ал баланың тек футболка мен іш киімде жүргені көрінеді. Жолдан өтіп бара жатқан куәгердің «Бала қатып қалатын болды ғой» деген сөзіне әйел «қатып қалсын» деп жауап берген.
Әлеуметтік желіде бұл жағдай үлкен резонанс тудырды. Пікір қалдырушылардың бірі әйелдің бұл әрекетін қатыгездік деп бағаласа, енді бірі тиісті органдардан жағдайды тексеруді және әйелді жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Әйелдің аты-жөні Әлмира Назарова екені анықталды. Ол желі қолданушыларын пікір білдіргені үшін прокуратураға арызбен қорқытқан.
«Баланы ешкім далаға қуып шығарған жоқ. Ол қашып кеткен жерінен ұсталып, үйіне жеткізілді. Ешкім сіздердің пікірлеріңізді сұраған жоқ», – деп жазған Әлмира Назарова.
Ал Хромтау полициясы бұл ақпарат тексерілетінін мәлімдеді.