Ақтөбе лагеріндегі сұмдықты балалардың бірі жайып салды

0

Жеті ұлдың ата-анасы тәлімгерге шағым түсіріп, балаларын бірден алып кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз – Sputnik. Ақтөбе іргесіндегі «Ақбөбек» лагерінің тәлімгері балаларды азғындыққа итермеледі деп айыпталып жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Оқиғаның қалай болғанын  жәбірленушілердің бірі жылап тұрып жайып салды.

«Ол бізбен бірге душқа кіріп, өзінің мүшесін көрсетті. Басқалардың мүшесін ұстады. Түнде ұйықтап жатқанда келеді де, басқа балалардың төмен жерін қысады. Сосын олар оянып кетеді. Ол бізді боқтады», — дейді шошынып қалған бала. 

КТК арнасының мәліметінше, жеті ұлдың ата-анасы тәлімгердің азғындығына шағым түсіріп, балаларын демалыс орнынан бірден алып кеткен.  

«Сонда ол маньяк қой. 22 жаста екен, өзі әлі бала, мысалы. Балаларға тиіскен, төменгі жақтарын ұстаған. Өзінің төменгі жағын көрсеткен. Дені дұрыс адам сөйте ме?», — дейді ата-аналардың бірі.  

Ал лагерь басшылары тәлімгердің ерсі қылығын байқамадық деп отыр. Демалыс орнының барлық жеріне бейнекамера орнатылған көрінеді.

«Палаталар болсын, асхана болсын, душ болсын, барлық жерде бейнекамера бар. Ол камералар тәулік бойы істейді. Тәулік бойы күзет қызметі бар. Сондықтан ондай оқиға болуы мүмкін емес», — деп түсіндірді «Ақбөбек» ЖШС директорының орынбасары Шамшырақ Сайлагиева.

22 жастағы тәлімгер елордалық университеттердің бірінде оқиды екен. Оны бірден лагерьдегі жұмысынан шығарып жіберіпті. Қазір тергеліп жатыр.

«Қылмыстық іс жас балаларды азғындық жолға түсіру бойынша, яғни Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша қозғалды. Қазір істің мән-жайы анықталуда», — дейді Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев.

Қазір бұл оқиғаға байланысты тәртіп сақшыларының тергеуінен бөлек, облыстық білім басқармасы комиссия құрған. Ондағылар лагерьдегі тәрбиешілер мен тәлімгерлердің біліктілігін де тексеретін болады. Ал «Ақбөбек» лагері жұмыс істеп тұр. Ондағылар кезекті маусымды ашуға дайындық үстінде.



sputniknews.kz