Ақтаулық оқушы жасанды қол ойлап тапты
16 жасар Назира Қыдырбаева Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқиды. Жасанды қол техникасы туралы зерттеп жүргеніне екі жылға таяған. Бұған оның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қолдау ниеті, қамқорлығы түрткі болыпты.
mangystaumedia.kz мәліметінше, Назира бұл жобасы арқылы қарапайым әрі қолжетімді қол протезін жасап шығаруды мақсат еткен. Сау қолдың бұлшық еттері жиырылғанда датчиктен микро бақылаушыға сигнал келеді. Микроконтроллер оны өңдеп, моторға бағыттайды. Келген сигналға сәйкесінше сервомотор саусақтарды жұмып немесе ашып қимыл жасайды.
Жобаның ең басты артықшылығы — жобаның іске асуына қаражаттың аз жұмсалатыны. Бұл датчиктердің басым бөлігінің қолдан жасалуына байланысты.
-Қолы жоқ адамға заттарды ұстауға мүмкіндік болса, қандай жақсы! Мен жасанды қолмен заттарды алуға көмектесетін құрылғы жасауға тырыстым. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Егер табысты болып жатса, осындай құрылғылар арқылы мүгедектерге көмек көрсетуді жалғастырғым келеді. Бұл құралдар өте қарапайым және арзан болуы керек. Өнертабыс мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған. Мұны туа бітті жарым жандар немесе бақытсыз жағдайлар салдарынан қолын жоғалтқан адамдар қолдана алады»,- дейді өнертапқыш оқушы.
Ақауы бар қол жасанды материалдан жасалған механикалық қолмен біріктіріледі. Ол белгілі бір сигнал берілген соң, мықтап қысылады. Сигнал сенсор арқылы сау қолға қосылған құрылғыдан келеді. Сенсорлар сау қолдың бицепс және трицепсіне орнатылып, күш жұмсап жатқанда сигнал беруді жүзеге асырады. Құрылғы көмегімен жасанды қол жұмылады немесе ашылады.
Нарыққа шолу жасаған өнертапқыш қыз елімізде 100 млн. теңгеге 50-70 адам протез салдыратынын айтады. Шамамен бір жасанды қол 2 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыртпалық салатынын айтады ол.
«Менің таңдаған материалдарымнан бір қол 500 мыңға жуықтайды, жоба нәтижесін берсе, 100 мың теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік болады,- дейді Назира.
Оқушының жобасына бастапқы қаржы ретінде 2 млн. 800 мың теңге қажет. Аталған қаражатты табуға көмектесер жан табылса, жас өнертапқыш болашағын осы кәсіпті дамытумен байланыстырмақ.