Ақтаулық «Фараби» жайдарман құрамасы үздік үштікте

0

Көрерменге күлкі сыйлап жүрген көңілді жайдарманшылар Астана төрінде тоғысты. Әсерлі әзіл, жайдарлы жастар жиналған «Junior» жайдарман ойынына «Жол жүру грантын» жеңіп алған маңғыстаулық «Фараби» құрамасы да қатысты.

Республикалық «Junior» жайдарман ойындары «Жастар» сарайында 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің арасында өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген 12 команда өнер көрсетті. Соның ішінде ақтаулық жасөспірімдерден құралған «Фараби» құрамасы жүлделі 3-орынға ие болды.

Қоғамдағы оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізген жастар көпке күлкі сыйлап, жоғары дәрежедегі дайындықтарын көрсете білді.

Бұған дейін «Фараби» құрамасы Ақтөбе қаласында өткен Батыс лига ойындарының чемпионы атанған болатын.

Айта кетейік, «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі өңірдегі талантты, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында «Жол жүру гранты» жобасын іске асырып жатыр. Жоба Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығы қолдау көрсетуде.