Ақтаудың бұрынғы әкімінің орынбасары Тимур Сәдуақасов Өзбекстанда ұсталды

0

Журналист Михиал Козачков желідегі парақшасында халықаралық іздеуде жүрген Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасов Өзбекстанда ұсталғанын жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметке сенсек, экс-шенеунік Қазақстаннан заңсыз шығып, алдымен Қырғызстанға өткен. Содан кейін Өзбекстан аумағына да заңсыз жолмен кірген. Сөйтіп жергілікті шекарашылардың қолына түскен. Енді оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Себебі Өзбекстан Республикасының шекарасын алдын ала келісілген топпен заңсыз кесіп өткендерге осындай жаза қарастырылған.

Ал Қазақстанда Тимур Сәдуақасов «Тиолайн» ЖШС басшылығының қызметіне қатысты жемқорлық қылмыстары бойынша күдікке ілінген. Бұл компания Солтүстік Қазақстан облысындағы «Обуховское» сирек кездесетін металдар кен орнын игерумен айналысады.

Аталған кәсіпорынның акционерлерінің бірі – Виктор Долгалев те біраз уақыттан бері тергеу нысанында. Оны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және жер қойнауын өз бетінше пайдаланды деп айыптаған. Алғашында оны қазылар алқасы ақтап шыққанымен, кейін бұл шешімнің күші жойылып, іс басқа аймақта қайта қарауға жіберілді.

Тергеу болжамынша Долгалев әрдайым серіктестерімен заң аясында жұмыс істей бермеген. Ол кейбір мәселелерді шешу үшін шенеунік Сәдуақасов арқылы құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген. Осы себепті Сәдуақасовқа «алаяқтық» және «пара беруге итермелеу» баптары бойынша айып тағылған. Осылайша Ақтау әкімінің экс-орынбасары қашуға мәжбүр болды, ал бұл әрекетімен ол тек Қазақстанның ғана емес, көрші елдің де заңнамасын бұзды. Енді Тимур Сәдуақасов бірден екі елде түрмеге қамалуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовқа іздеу жариялады. Сәдуақасов 2019 жылдың ақпан айынан бері Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.