Ақтауда жұмыссыз жастар белсендісінің соты жалғасты
Ақтауда 26 маусым күні басталған жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаевқа қатысты көшпелі сот процессі бейсенбі күні жалғасты. Соттың жалғасы Жаңаөзенде болды.
Бұл туралы Азаттыққа адвокат Жанар Сүндетқалиева мәлімдеді.
Жаңаөзен қалалық соты Елшібаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның бұған дейін істі қараған Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы Бауыржан Тоқбаевқа сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыру туралы талабын қанағаттандырмады.
31 жастағы Ержан Елшібаевты Маңғыстау полициясы «адам денсаулығына қасақана зиян келтірді» деген қылмыстық кодекстің 106 бабының 2 тармағымен айыптап отыр. Оған Елшібаевтың 2017 жылы тамыз айында Жаңаөзен қаласының шағынаудандарының бірінде түнде болған төбелеске қатысы себеп болған.
Екі жыл бұрынғы бұл іске арызданушы болмаса да тергеу орындары істі факті бойынша қайта көтерген. Адвокаттың Азаттыққа мәлімдеуінше сәрсенбі күні сотта куәлік еткен жәбірленуші де, екі куәгер де іске қатысты нақты ештеме айта алмаған. Адвокат жәбірленуші ретінде шақырылған Еркін Қанағатов сотта Елшібаевқа қояр талабы жоқ екенін айтты дейді.
— Куәлердің сотқа дейінгі тергеу мен сот тергеуі кезіндегі жауаптарында сәйкессіздік көп. Оның үстіне куәлердің бірін жауаптау кезінде қылмыстық процессуалдық кодекстің 370 бабында көрсетілген тәртіпке сәйкес куәні алдымен оны шақырған тарап, яғни прокурор, содан соң адвокат жауаптауы керек. Тек содан кейін ғана сотқа төрағалық етуші жауаптай алады. Ал судья бірден өзі сауал қойып, куәнің сотқа дейінгі тергеуге сәйкес емес жауабына дауысын көтеріп «жалған куәлік еткені үшін қосымша қаулы шығарамын, жазалаймын» деп қорқытты. Мен судьяның объективтілігіне күмән келтіріп, оған сенімсіздік білдіретінімді мәлімдедім, -деді Жанар Сүндетқалиева.
Прокурор іс барысында ешқандай сауал да қоймаған және адвокаттың арызына реплика да білдірмеген.
Жаңаөзендік белсендінің ісін қарау 11 шілдеде Ақтауда жалғасатын болды.
Ержан Елшібаев билік пен құқық қорғау органдары көзіне биылғы ақпан айында басталған жаңаөзендік жұмыссыз жастардың талабын өткір қойғаннан соң түскен. Оны полиция 2019 жылдың 24 наурызында үйінен ұстап алып кеткен. Белсенді бұған дейін де полиция қысымына шағымданған.
Биылғы ақпан мен наурыз айларында Жаңаөзен жастары қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының (бұрынғы «Неке сарайы») алдына жиналып, бірнеше апта бойы биліктен мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұраған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалғаны туралы ақпарат тараған.