Ақтауда жоғалып кеткен әйелдің туыстары 2 млн теңге сыйақы тағайындады
Ақтауда 50 жастағы Гүлбибі Бимырзаеваның іздестіріліп жатқанына бірнеше ай болды. Әйел адамның жақындары қандай да бір ақпарат берген адамға 2 млн теңге төлеуге әзір деп жазады inaktau.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Гүлбибі Бимырзаева соңғы рет өткен жылдың 30 қарашасында алтыншы ықшам ауданда бой көрсеткен. Ол сол жерде орналасқан стоматологиялық емханаға барыпты.
Кешкі 16.00 пен 17.00 аралығында ол емханадан шыққан, содан кейін онымен байланыс үзілген.
Гүлбибінің жақындарының сөзінше, оны үшінші желтоқсан күні 11 мен 12-ші ықшам аудандарында көрген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті іздеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатқанын растады.
Туысқандарының берген ақпаратынша, сол күні ол үстіне қою жасыл болон пальто киген, басында көк орамал болған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтауда 50 жастағы әйелдің із-түзсіз жоғалып кеткенін жазған болатынбыз.