Ақтауда жедел жәрдем қызметкерлері шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтауда жедел жәрдем қызметкерлері шу шығарды. Медицина мамандары өздеріне пандемиямен күрес кезінде төленеді деген үстемеақының аз болуына наразы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

жедел

Сонымен қатар, олар ақшаны бәрі бірдей алмайды. Бұған ашуланған ақ халаттылар басшылардан жағдайдың неге бұлай болғанын түсіндіріп беруді талап етті.  

«Біздің еңбегімізді бағалап, өмірін қатерге тігіп, осылай тәуекел етіп жүр деп ақша бөлді. Соны естіп қуанып, көңіл көтеріліп еді. Енді ол бізге берілмей жатыр», — деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Оралбек Асылбекұлы.

Наразы топтың айтуынша, алғашқыда бәріне бірдей қаражат беріледі делінген. Қазір бар болғаны 30 бен 60 мың теңге көлемінде ғана үстеме ақы үлестіріліп жатыр. Оның өзі бәріне емес.

«Мұндай қаражат тек вирус жұқтырғандармен тікелей жұмыс жасағандарға төленеді»- дейді денсаулық сақтау басқармасының басшылары.

Ал олардың тарапынан әзірге шақырту аз, сол себепті осындай жағдай туындаған көрінеді.  

Қазір Маңғыстауда індетке шалдыққандарға баратын 46 бригада бар. Медицина мамандары арасында вирус тарап кетпес үшін осындай ықшамды топ жасақталған. Осы даудан кейін анықталғаны, аймақтағы 633 жедел жәрдем қызметкеріне екі айлық жалақы көлеміндегі сыйақы беріледі. Ол үшін облыс қазынасынан 78 млн теңге бөлінген.
 

stan.kz