Ақтауда үш қылмыскерді ұстауға полицияның 15 көлігі жұмылдырылған — Қылмыс

0

Ақтауда автокөліктерді айдап кетумен айналысқан әккі ұрыларды ұстау үшін жол полициясының 15 қызметтік көлігі жұмылдырылды, — деп хабарлады «Лада».

Оқиға 29 желтоқсанға қараған түні болды. Туыстарына барған Lada Priora автокөлігінің иесі алтыншы ықшамаудандағы №36 үйдің ауласына көлігін қойып, бір жарым сағаттан кейін оның жоғалып кеткенін байқаған. Ол бірден полицияға хабарласты.

Үш қылмыскерді ұстауға 15 минут жеткілікті болды. Жігіттер екінші ықшамаудандағы №13 үйдің маңында тығырыққа тіреліп, қолға түсті.

«Менің хабарламама шұғыл жауап қатты. Жол полициясының бүкіл құрамы жұмылдырылғандай көрінді. Олар бес минуттың ішінде маған келді және 10 минутта ұрыларды ұстаған екен. Полицейлер расында да тәртіпті сақтап, азаматтардың тыныштығын күзетеді. Жол полициясының басшылығына үлкен рақмет», — деді көліктің иесі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталғандар Ақтау ІІБ-де. Олар жергілікті тұрғындар. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz